Түлкібас ауданына қарасты Абайыл ауылының жастары биылғы оқу жылын жаңа ғимаратта бастайды. Аудандағы шалғай елді мекендердің бірі саналатын ауылда мектеп өзекті мәселенің бірі болып келген-ді. Биыл облыс әкімі Ө.Шөкеевтің тікелей қолдауымен бой көтерген заманауи жаңа 100 балаға шақталған мектеп пайдалануға берілді.
Ұлы Отан соғысының ардагері, ұлағатты ұстаз, ауданымыздың құрметті азаматы Қасымбеков Нұрлыбай атындағы білім ордасының жаңа ғимаратының ашылу салтанатты шарасы өтті.
ҚР Конституциясы күніне орайластырылған шараға филология ғылымдарының докторы, профессор Мекемтас Мырзахметұлы, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нұрлан Құдиярұлы, аудан әкімі Нұрлан Байғұт, Түркістан облысының адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлы, Сарыағаш ауданының ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұстафа Сүлейменов және еліміздің әр өңірінен келген қонақтар мен Қасымбековтар әулиеті қатысты.
Қасымбеков Нұрлыбай Тұңғышбайұлы —1922 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Түлкібас ауданында дүниеге келген. 1937 жылы 7 жылдық мектепті бітіріп, Алматы теміржол техникумына оқуға түседі. 1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталғанда оқуын аяқтамай майданға аттанады.Фашист басқыншыларын азат ету жолындағы кескілескен ұрыста үлкен ерлікпен шайқасып, екі рет ауыр жарақат алады. Госпитальда емделіп шыққаннан соң 1944 жылы Камышинск командирлік әскери училищесіне оқуға түседі. Соғыс аяқталғаннан соң 1946 жылы оқуын бітіріп, елге оралып өзінің ауылы Түлкібас ауданының Абайыл станциясындағы мектепке мұғалім, содан соң директор болып 45 жыл қызмет атқарады.
Мерекелік жиын барысында мектеп алдынан соғыс ардагері, ұлағатты ұстаздың 100 жылдық мерейтойына арналған бюст ашылып, тағзым етілді.
Келген қонақтар жаңа мектептің ашылу салтанатына куә болып, аудан өнерпаздарының орындауындағы концерттік бағдарламаны тамашалады.
Айта кетейік, Қасымбеков Нұрлыбайдың ұрпақтары аталмыш жаңа білім ордасының компьютер сыныбын толық жабдықтап, мектеп кіреберісін аббатандыруға және мектеп ауласына спорт алаңшасының бой көтеруіне демеушілік жасап отыр.