Түркістанда 15 тамыз – Археологтар күніне орай «Фараб» ғылыми-әмбебап кітапханасында мерекелік іс-шара өтті. Жиынға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов, Облыстық мәдениет басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев, елімізге белгілі академик, археолог Бауыржан Байтанаев бастаған зерттеуші ғалымдар, музей басшылары мен археология саласының мамандары қатысты.
Алдымен қонақтар үш республикалық және облыстық, аудандық музейлердің қорындағы археологиялық қазба жұмыстарынан табылған құнды жәдігерлер қойылған көрмені тамашалады. «Дөңгелек үстелмен» жалғасқан шараны Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Аманкелдіұлы ашып беріп, археологтарды кәсіби мерекесімен құттықтады.
– Әрине осы салада шешімін таппай жатқан мәселелер баршылық. Өңіріміздегі ескерткіштерге археологиялық қазба, ғылыми-реставрация және консервация жұмыстарын жүргізіп, абаттандырып, инфрақұрылымын дамытып, ашық аспан астындағы музейге айналдыруымыз қажет. Осы бағытта маман ретінде сіздердің пікірлеріңіз біз үшін өте маңызды. Сол мақсатта бүгін археологтар күніне сіздерді жинап отырған жайымыз бар, — деді Сәкен Қалқаманов.
Содан соң «Археология ғылымы, өткені және болашағы туралы» тақырыбымен археолог, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясының академигі Бауыржан Байтанаев баяндама жасады. Жиында сөз алған Ә.Марғұлан атындағы археология институтының директоры Ақан Оңғарұлы, «Түркістан облысы аумағындағы тарихи-мәдени ескерткіштердің жай-күйі туралы» тақырыбымен «Тарихи-мәдени мұраны қорғау, қалпына келтіру және пайдалану жөніндегі орталық» директоры Құрбан Жандос, «Әзірет Сұлтан» музей-қорығының археологиялық зерттеу жұмыстары туралы» тақырыбымен «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы директорының орынбасары Нұрханов Бақытжан баяндама жасады. «Отырар қалашығында жүргізіліп жатқан археологиялық жұмыстар туралы» тақырыбымен «Отырар» мемлекеттік археологиялық қорық-музейі директорының орынбасары, гуманитарлық ғылымдар магистрі, археолог Ақылбек Серік, Қ.А. Ясауи атындағы ХҚТУ-дың Археология ғылыми-зерттеу институтының директоры Жетібаев Көпжасар осы саладағы түйткілді мәселелер мен атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.
Жиын барысында археология саласына еңбегі сіңген мамандар арнайы алғыс хатпен марапатталды.