Аудан әкімі Нұрбек Бадырақов жұмыс сапарымен Бөген ауылдық округіне барып, ауыл халқымен кездесті.
Аудан басшысы ең әуелі Кемер ауылы тұрғындарымен жүздесу барысында мектептегі оқушы тасымалы, ауыз су сапасын жақсарту, көше жарықтандыру мәселесін назарға алып, салалық бөлім басшыларына нақты тапсырма берді.
Сондай-ақ, сапар барысында Бөген ауылындағы күрделі жөндеуді қажет ететін «R-1», «ЛБК» каналдары, «Бөген су» қоймасының апатты қашыртқысының шандоры, ескі аурухана ғимараты, ескірген ауыз су жүйесінің мәселесімен танысты.
«Ауыл тұрғындарына қолайлы орта қалыптастыруға қажетті кез-келген мәселені саралап, алдағы уақытта оңды шешім шығарамыз. Ауыз су мен ағын су шаруалар үшін ең қажетті дүние. Сондықтан канал арнасын жөндеу, ауыз су жүйесін жаңалау уақыт талабы. Емхананың ескі ғимарат құрылысына кәсіпкерлерді тарта отырып, ауылдардағы шағын және орта бизнесті дамытатын боламыз. Біз барынша тұрғындардың көкейінде жүрген пролбемаларды шешуге жұмыс істейміз», деді аудан әкімі бөгендіктермен кездесуде.
Нұрбек Бақтыбайұлы «Б.Пернебеков» жеке шаруа қожалығының 10 сотық үйіргелік жылыжайы мен «Ордабасы Агро» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің техникалық базасын аралап, ауыл әкіміне игілігі мол бастаманы барша ауыл тұрғындары арасында қолға алуды жүктеді.
Ауыл жастарын спортқа баулу мақсатында ашылған Бөген спорт кешенінің, жергілікті бюджет есебінен салынып жатқан ойын алаңшасының құрылыс алаңында болған аудан басшысы тұрғындардың бос уақыттарын тиімді пайдалануда аталған жобаның маңызы ерекше екендігіне тоқталды. Әрі спортпен шұғылданушыларға барынша шарт-жағдай жасалсын деген ой айтты.
Онан соң аудан әкімі «Бөген су» емдік суы кәсіпорынына барып, жер асты термалды суын нарыққа шығарып, бренд қалыптастырған өндіріс орнының жұмысына сәттілік тіледі.
Ордабасы ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі