Аудан әкімі Нұрбек Бадырақовтың кезекті жұмыс сапары Жеңіс ауылдық округінде жалғасын тапты.
Ең әуелі аудан басшысы қысқы мал азығын дайындау жұмыстарын қадағалау мақсатында «Мирас» шаруа қожалығы қоймасына барып, жиналған жоңышқа өнімдерін қораптау барысымен танысты.
Әрі мал азығының мәйегі денегінде екендігін ескеріп, орылған жоңышқаны арнайы техника арқылы қаптап жатқан шаруалардың жұмысына сәттілік тіледі.
Сапар барысында жаз айларында шаруалардың ағын су жетіспеушілігін шешу үшін күрделі жөндеуден өтіп жатқан «R-5» каналына барып, тиісті жауаптыларға құрылыс жұмыстарын жеделдетіп аяқтауды тапсырды.
Нұрбек Бақтыбайұлы бұл реткі іс-сапарында 4 жылдан бері аудан басшыларының жолы түспеген шалғайдағы Дихан ауылына барып, тұрғындармен кездесті.
Ойлы-шұңқыры көп 15 шақырымға жуық тас жол мен сапасы төмен электр жарығы, төрт жылдық бастауыш мектептің мүшкіл жай-күйі жөнінде тұрғындардың талап-өтініштерін тыңдаған аудан басшысы ауылдағы электр энергиясының сапасын тез арада жақсартуды салалық бөлім басшысына міндеттеді.
Сонымен қатар, тас жол құрылысына байланысты алдағы уақытта талдау- саралау жүргізетіндігін жеткізді.
Мұнан соң аудан әкімі ауылдағы жеке шаруашылықтың 55 гектар мақта алқабын, шаруа қожалықтардың 10-15 бастық мал бордақылау алаңын аралап, шаруалармен тілдесті. Нәтижесінде ауыл әкіміне отбасылық шағын мал бордақылау алаңдарының санын көбейтуді міндеттеді.
Сапар соңында аудан басшысы Жеңіс ауылдық Мәдениет үйінде ауыл тұрғындарымен, ауылдық округ әкімі аппараты, мәдениет үйінің қызметкерлерімен жеке-жеке кездесу өткізіп, қордаланған мәселелерді арнайы хаттамаға түсіріп, нақты нәтиже шығаратындығын айтып өтті.
Ордабасы ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі