Биыл «Қазақ соқырлар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің құрылғанына 85 жыл толып отыр. Осыған орай, қалалық мәдениет үйінде зағип жандар арасында «Өнер әлемі» атты облыстық байқау өтті. Байқауға Түркістан өңірінің әр аймағынан келген 20-ға жуық өнерлі жан қатысты.
Шараға қала әкімінің орынбасары Рысдәулет Айтбаев қатысып, жазмыштың жазуымен жанарынан айрылса да, бойға біткен таланты мен өнерін паш етпекке келген зағип жандарды мерекемен құттықтап, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Байқау үш кезеңге созылды. Алғашқы кезеңде қатысушылар дәстүр мен мәдениеттің тоғысындай болған терме айту өнерімен сайысқа түсті. Көрмерменнің ыстық ықыласына бөленген термешілердің ізін жалғай күмбірлеген күйін төккен домбырашылар өзара сайысты. Ал байқаудың үшінші кезеңінде қатысушылар ойы терең, сөзі нәрлі, көпке тигізер шапағаты мол бата берумен сайысты.
Байқау қорытындысы бойынша, Жетісай ауданынан келген Алмас Байсейітов пен Бәйдібек ауданынан келген Таласбай Сейтқазиев, ал бата беру сайысынан Қожаназар Балғабаев жүлделі орындарды иеленіп, қаржылай сыйлықтармен марапатталды.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі