Аудан орталығында ерекше қажеттіліктері бар балаларға деген қамқор көзқарас көңілді қуантады. Мемлекет қамкөңіл жандарға қамқорлық көрсетуді басты назардан түсірген емес. Бүгінде олардың қолайлы өмір сүруіне жағдай жасап, әлеуметтік қолдау көрсету ісі артып келеді. Осыған орай Темірлан ауылындағы «Ауыл» кешенінде «Мейірім» мүгедектер қоғамдық бірлестігі жанынан ашылған «Жан жылуы» атты мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған күндізгі оңалту орталығы ашылды.
Орталықтың ашылу рәсіміне қатысқан аудан басшысы: Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаев 2022 жылды «Балалар жылы» деп жариялады. Әлеуметтік және зайырлы қоғамның басты міндеті – ерекше жағдайдағы азаматтар мен балаларға қолдау көрсету. Мүмкіндігі шектеулі жандардың ем алуына қолайлы жағдай туғызу мақсатында бүгін мүгедек балаларды оңалту және бейімдеу орталығының жаңа ғимаратын пайдалануға беріп отырмыз. Мұнда ерекше жағдайдағы балаларды қоғамға әлеуметтік бейімдеу және оңалту жұмыстары жүргізіледі, — деді Бағлан Батыршаев.
Жаңадан ашылған оңалту орталық мүмкіндігі шектеулі балалары бар ата-аналарға көмек ретінде жартылай стационар түріндегі күндізгі қатынау орталығы тікелей жұмыс жасайды. Мұнда қызметтің түрлері: дефектолог, логопед, педагог, психолог, ЛФК-массаж, оқу және жазу сабақтары қолға алынған. Дүйсенбіден жұмаға дейін сағат 09:00-18:00 аралығында қызмет көрсетеді. Әрбір балаға толығымен күнделікті медбикелік тексеруден өткізе отырып, оңалту орталығына қабылдап алады. Мұнда қызметтің барлық түрі тегін көрсетіледі.
Жалпы орталық 50 балаға арналған. Олар 1,5 жас пен 18 жас аралығындағы мүмкіндігі шектеулі мүгедек балалар (жүйке жүйесінің ауытқуы бар) қатынайтын күндізгі оңалту орталығына әрбір балаға күнделікті жүргізілетін сағат жүктемесі 4 сағат пен 10 сағат аралығында болады. Сонымен қатар, таңертеңгі ас мәзірі, жеміс-жидектер, түскі ас мәзірі (І және ІІ тағамдар), бесіндік ас мәзірлері беріледі.
Әрбір баланың кешенді түрде ем алуына тиісті жағдай жасау үшін қажетті шараларды атқару керектігін қаперге салып, орталықта емделуші балаларға тез арада жазылып шығуды тілеп, балаларға ойын ойыншықтарын таратып берген Бағлан Дәнебекұлы балалармен естелікке суретке түсті.
Ордабасы ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі