Шымкентте бүгін «1 мамыр — Қазақстан халқының бірлігі күні» аталып өтті. Этномәдени өкілдерінің қатысуымен өткен халықтық мереке «Астана» алаңында ұйымдастырылды.
Еліміздің басты мерекелерінің бірін тойлауға келген халықты ынтымағы жарасқан этнос өкілдері «Ақ көгершін» әнімен қарсы алды. Әрмен қарай «Қазақстан бейбітшілік мекені» театрландырылған хореографиялық қойылымы, «Самғап ұшқан Қазақстан» әні «Достық» шеруі мен хореографиялық композияцияға ұласты.
Мерекеліп жиынға қатысқан қала әкімі Мұрат Әйтенов шымкенттіктерді бүгінгі мерекемен құттықтап, еліміздің тұрақтылығы ынтымақта екенін жеткізді.
—Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Біз сыйластық пен келісімнің, бауырмалдық пен өзара құрметтің негізінде еңселі, өркениетті ел болып отырмыз» деген болатын. Бүгінгі мереке —халық бірлігін дәріптейтін мереке! Қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылық – біздің ең маңызды байлығымыз! Бұл жетістікті бағалау, оны сақтау жолында аянбай еңбек ету – әрбір Қазақстан азаматының міндеті. Олай болса, туған жердің төсінде құшағын жайған бейбіт елдің бірлігінің сақталуына әрбіріміз атсалысайық. Баршаларыңызды тағы да бірлік мерекесімен шын жүректен құттықтай отырып, Сіздерге зор денсаулық, шаңырақтарыңызға шаттық пен береке тілеймін!- деді қала әкімі.
Мерекеде ҚР халық әртісі Роза Рымбаева «Цвети земля моя» және «Балдәурен», Заттыбек Көпбосынұлы «Қазақстан қырандары», Қадиша Шалабаева «Қызғалдақ» әндерін тарту етті.
Шымкент қаласы өнерлі балапандарынан құрылған би ұжымдары мен қалалық мәдениет үйі өнерпаздарының арнайы әзірлеген өнерлерін паш етіп, жиылған қауымға мерекелік көңіл күй сыйлады.
Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі