Шәкірт жүрегінен орын таба білетін ұстаздарымыздың бірі — Рахат Махатова. Ол Шымкент қаласындағы №37 жалпы орта мектебінде 2003 жылдан бері қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып қызмет атқарып келеді.
Р.Махатова әрбір шәкіртінің білімді меңгеруі мен нәтижеге қол жеткізуінен нәр алатын білікті ұстаз өз білімін балаға жеткізуден еш аянған емес. Сабақ құрылымын оқушының оқуға деген ынтасы мен қызығушылығын тудырып, ойлау қабілетін дамытатындай етіп, оқытудың тиімді жолдарын таңдап оқытады.
Мұғалімнің оқушылары жыл сайын 9-11-сынып республикалық олимпиаданың қалалық және облыстық кезеңінің жүлдегері атанып жүр. Атап айтқанда, 2019 жылы Жібек Жарқын — І орын, Асел Анварбек — ІІ орын, 2020 жылы Арайлым Рахымберді — ІІ орыннан көрінсе, биыл Сарвара Юнусова — І орынды иемденген.
Қобыланды батыр жырын жатқа айту «Qazaq Epos» республикалық ағарту жобасы «Тұлпар мініп, ту алған!» байқауынан Балтабай Тұрсынай – ІІ орын, Абай Құнанбайұлының 175жылдық мерейтойына Дарын орталығы ұйымдастырған ХХІ республикалық «Абай оқулары» байқауынан Аяла Ақжигитова мен Арайлым Рахымберді ІІ жүлделі орындарды иеленді.
ҰБТ-ға дайындауда оқушыларын талмай іздендіріп, жетістікке жеткенше тынбай еңбектенеді. Шәкірттері еліміздің алдынғы қатарлы ЖОО-да грантпен білімін жалғастыруда. Осы еңбегі үшін ұстаз бірнеше рет облыстық, қалалық басқармаларының алғыс хаттарымен марапатталған.
Ұстаздың жетістіктері де аз емес. «Пән олимпиадасының үздік педагогы – 2020» байқауының жеңімпазы, Daryn.online білім беру платформасы мен Qaztest.kz олимпиада сайты бірлесіп педагогтардың біліктілігін арттыру І Республикалық «Кемеңгер ұстаз» олимпиадасынан І дәрежелі Дипломды иеленіп отыр.
Жас ұрпаққа білім мен тәрбиені ұштастыру жолын оқушымен ғана шектемей, мектеп тренері ретінде мұғалімдерге де жаңа технологияның қыр-сырын меңгерте отырып, курстар өткізеді.
Үнемі ізденіс үстінде жүретін Рахат Құраққызы өзінің кәсіби шеберлігін шыңдап, шәкірттеріне заман талабына сай сапалы білім беру жолында аянбай еңбек ететін, жұмысқа үлкен жауапкершілікпен қарайтын ұстаз.
Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі