Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев мақтааралдықтармен кездесуде тұрғындардың заманауи аурухана салу туралы өтініші орындалатынын жеткізді. «Аудан көлемінде жаңа шағынаудан, мектеп, балабақша салынды. Енді аурухана да салынады. Ол – өте қажет нысан», – деген өңір басшысы өзге де деректерге тоқталып, Мақтааралды дамыту мәселесі назарда тұрғанын жеткізді.
Жалпы 2021 жылы ауданда өнеркәсіп өнімінің көлемі 15,9 млрд теңгені құраған. Ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 9,7%-ға өсіп, 65,7 млрд. Теңгеге жеткен. Көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге ауданға 5,6 мың тонна жанармай бөлінді. Тыңайтқыштарға да тиісті қаржы қаралған. «Бір алқаптан 2-3 өнім алу» жобасы бойынша 900 гектар аумақта 174 жоба іске асырылып, алғашқы өнім алынған. Бүгінде Мақтаарал ауданынан қырыққабат Ресейге жөнелтіліп жатыр.
«Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 2021 жылы 10 елді мекенде 39 жоба іске асырылып, Қалшораев, Иіржар, Мырзатөбе, Пернебаев елді мекендеріндегі 4 мектеп көрделі жөндеуден өткізілген. 38,8 шақырымды құрайтын 35 көшеге асфальт салынды. 2021 жылы ауданда 12 мектептің және 1 балабақшаның құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізіліп, 8 мектеп пен 1 балабақша пайдалануға берілген. Биыл Алаш, Абат, Еркінабад, Азамат, Нұрлы жол, Өркениет елді мекендерінде 6 мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр.
Былтыр Атакент ауылы мен Береке, Иіржар елді мекендеріндегі тозған ауыз су жүйелерін реконструкциялау жұмыстары басталды, биыл толығымен аяқталады. Сондай-ақ өткен жылы Есентаев елді мекеніне жаңа ауыз құбыры тартылып, пайдалануға берілген. Электрмен және газбен қамту бағытында да жұмыстар қолға алынған.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі