Түркістан облысында алдағы жылға шетелдік жұмыс күшін тарту қажеттілігі қаралды. Осы мақсатта 41 кәсіпорыннан келіп түскен 3 295 өтінім тиісті сала өкілдерінің қатысуымен зерделеніп, болжамды қажеттілік мақұлданды.
Жұмыс Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 30 маусымдағы №274 бұйрығына сәйкес жүргізілді. Аталған құжатта шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған квотаны белгілеу және оны өңірлер арасында бөлу тәртібі көзделген.
Өтінімдерді қарау барысында өңірдегі еңбек нарығының сұранысы, алдағы кезеңде құрылатын жұмыс орындары, жұмыссыздық деңгейінің болжамы және еңбек нарығына қосылатын жас мамандардың саны ескерілді. Сонымен қатар жергілікті еңбек ресурстарының әлеуеті, жұмыссыз азаматтарды қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру арқылы бос жұмыс орындарын отандық мамандармен қамту мүмкіндіктері қаралды.
Мәселені талқылауға аумақтық ішкі істер органдарының, білім беру және кәсіпкерлік саласындағы жергілікті атқарушы органдардың, еңбек инспекциясының, өңірлік кәсіпкерлер палатасы мен қауымдастықтардың, сондай-ақ облыстық кәсіподақтар бірлестіктерінің өкілдері қатысты.
Бұдан бөлек, өткен жылы шетелдік жұмыс күшін пайдаланудың тиімділігі бағаланып, алдағы жылға қажеттілік болжамы назарға алынды.
Шетелдік жұмыс күшін тарту мәселесінде өңірдің еңбек нарығындағы нақты сұранысты ескеру, жергілікті кадрлардың әлеуетін тиімді пайдалану және жұмыс берушілердің мамандарға деген қажеттілігін қамтамасыз ету басты назарда болады.









