Бүгін Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков қоғамдық бірлестіктер өкілдерімен арнайы кездесті. Жиында инклюзивті қоғамды дамыту: өзекті мәселелер мен шешу жолдары бойынша кеңінен сөз қозғалды. Мүгедектігі бар азаматтардың құқықтарын қорғау, әлеуметтік қолдау көрсету, жұмыспен қамту, қоғамдық орындардың қолжетімділігін қамтамасыз ету және кедергісіз орта қалыптастыру сынды мәселелері талқыланды.
Бүгінгі таңда Түркістан облысында 104 313 мүгедектігі бар адам есепте тұр. Бұл облыс халқының 5%-ын құрайды. Республика бойынша мүгедектігі бар адамдардың 14%-ы Түркістан облысының үлесіне тиесілі.
Әлеуметтік қолдау шаралары аясында оңалтудың техникалық құралдарымен қамтамасыз ету жұмыстары да жүргізілуде. 2026 жылғы 27 қазандағы жағдай бойынша осы бағытта 80 633 өтініш тіркеліп, оның 58 945-і орындалған. Өтініштердің орындалу көрсеткіші 73,2%-ды құрады. Кездесу барысында қоғамдық бірлестіктер өкілдері өзекті мәселелерді көтеріп, оларды шешуге қатысты ұсыныстарын білдірді. Мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың өзара ынтымақтастығын нығайту, мүгедектігі бар азаматтардың құқықтарын қамтамасыз ету, олардың қоғам өміріне толыққанды қатысуына жағдай жасау және әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігін арттыру қажеттігі атап өтілді.
Кездесу қорытындысында Нұрбол Әбдісаттарұлы инклюзивті ортаны дамыту, кедергісіз қоғам қалыптастыру және мүгедектігі бар азаматтардың өмір сүру сапасын арттыру бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастырудың маңыздылығына ерекше тоқталды.









