29 тамыз – Қазақстан үшін тарихи мәні жоғары күн. Осыдан 35 жыл бұрын, 1991 жылғы 29 тамызда Семей ядролық сынақ полигоны жабылып, бұл дата Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы күн ретінде белгіленді.

Осыған орай, Өнер мектебінде Семей ядролық сынақ полигонының жабылғанына 35 жыл толуына арналған ардагерлермен кездесу өтті.
Тағылымды шараға аудан әкімінің орынбасары Илияс Тұрнияз, зиялы қауым өкілдері, Семей ядролық сынақ полигонының зардабын жоюға қатысқан ардагерлер мен жастар қатысты.
Жиында аудан әкімінің орынбасары Илияс Еркінұлы Семей полигонында жүргізілген ядролық сынақтардың адамзатқа және қоршаған ортаға тигізген орасан зор зардабына тоқталып, ел тарихындағы ауыр кезеңнің куәгері болған ардагерлерге алғысын білдірді.

Кездесу барысында Семей ядролық сынақ полигонының зардаптарын жоюға қатысқан аудан азаматтарына аудан әкімінің Алғыс хаттары мен сый-сияпаттары табысталып, оларға құрмет көрсетілді.
Семей полигоны – халқымыздың жадында мәңгі сақталатын қасіретті тарихтың бір парағы. 1949 жылдан 1989 жылға дейінгі аралықта полигонда 450-ден астам ядролық сынақ өткізіліп, оның зардабы бірнеше буынның тағдырына әсер етті.
Ардагерлердің ел алдындағы еңбегі мен азаматтық борышы – кейінгі ұрпаққа үлгі, ал көрсетілген құрмет – тарихи тағдырды бастан өткерген жандарға деген ел ықыласының белгісі.
Іс-шара барысында жиын қонақтарына аудан өнерпаздары ән-күйден тарту етті.
Бүгінгі бейбіт өмір – өткеннің қасіретін ұмытпауға, ядролық қаруға жол бермеуге және келешек ұрпаққа қауіпсіз әлем қалдыруға үндейді.








