Қазақстанның саяси жүйесінде жаңа кезең басталды. Жаңа Конституцияның күшіне енуімен бірге елімізде заң шығару билігін жүзеге асыратын жоғары өкілді орган – Құрылтай құрылды. Бұл өзгеріс мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртуға, заң шығару үдерісін жетілдіруге және азаматтардың саяси үдеріске қатысу мүмкіндігін кеңейтуге бағытталған маңызды қадам ретінде бағалануда.
Құрылтайдың басты ерекшелігі – оның құрамы толықтай халықтың дауыс беруі арқылы қалыптасады. Конституциялық заңға сәйкес Құрылтай 145 депутаттан тұрады. Олар жалпыұлттық сайлау округі бойынша пропорционалды өкілдік жүйесі негізінде бес жыл мерзімге сайланады. Бұл модель саяси партиялар арасындағы бәсекелестікті күшейтіп, қоғамдағы түрлі көзқарастың заң шығару процесінде көрініс табуына мүмкіндік береді.
Жаңа жүйеде Құрылтай заң қабылдау, мемлекеттік бюджетті бекіту, халықаралық шарттарды ратификациялау, соғыс пен бейбітшілік мәселелері бойынша шешім қабылдау секілді маңызды конституциялық өкілеттіктерге ие. Сондықтан сайланатын әрбір депутаттың кәсіби біліктілігі мен қоғам алдындағы жауапкершілігі бұрынғыдан да маңызды болмақ.
Құрылтай сайлауы – тек депутаттарды іріктеу ғана емес. Бұл – азаматтардың елдің алдағы даму бағытына ықпал ететін маңызды саяси таңдау жасау мүмкіндігі. Әрбір дауыс заң шығару органының құрамын қалыптастырып қана қоймай, мемлекет дамуының басымдықтарын айқындауға әсер етеді.
Сарапшылардың пікірінше, жаңа модель саяси институттардың жауапкершілігін күшейтіп, заң шығару сапасын арттыруға және билік пен қоғам арасындағы байланысты нығайтуға ықпал етеді. Сонымен қатар азаматтардың саяси белсенділігі артып, қоғамдық бақылау тетіктері де күшейе түседі.
Алдағы Құрылтай сайлауы Қазақстанның демократиялық дамуы жолындағы маңызды сынақтардың бірі болмақ. Оның ашық, әділ әрі заң талаптарына сай өткізілуі жаңа саяси жүйеге деген қоғамдық сенімді қалыптастыруда шешуші рөл атқарады. Сондықтан әрбір азаматтың сайлауға қатысуы – ел болашағына қосқан нақты үлесі.









