Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков өңірде электронды еңбек шарттарын тіркеу, міндетті зейнетақы жарналарын уақытылы аудару және қызметкерлерді жазатайым оқиғалардан сақтандыру мәселелеріне арналған маңызды жиын өткізді. Жиында еңбек қатынастарының ашықтығы мен азаматтардың әлеуметтік қорғалу заңдылығын қамтамасыз ету жайы талқыланып, нақты көрсеткіштер сараланды.
Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысы Мекенхан Қозыханұлы Өңірлік жұмыспен қамту картасының орындалу барысын баяндады.
Бүгінгі таңда 663 мекеме 1314 азаматтың еңбек шарттарын электронды жүйеге енгізген. Бұл бағыттағы жұмыстар Бәйдібек, Созақ аудандары мен Кентау қаласында әлі де кенжелеп тұр.
Міндетті зейнетақы жарналарының (МЗЖ) аударылуын қамтамасыз ету үшін жауапты мамандар аудан-қалаларда жұмыс берушілерге құқықтық және әдістемелік кеңес өткізуде. Нәтижесінде 1-7 маусым аралығында 1920 заңды тұлға 9612 адамның зейнетақы жарналарын өтеді. Облыс бойынша 30 мыңнан астам тұрғынды міндетті зейнетақы төлемдерімен қамту көзделіп отыр. Облыс әкімінің орынбасары көрсеткіштері көш соңында қалған Түркістан, Арыс қалалары мен Бәйдібек, Созақ аудандарының жауаптыларына ескерту жасады.
Жазатайым оқиғалардан сақтандыру бойынша өңірдегі 387 мекемеде қызметкерлерді өндірістік жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру шарттары рәсімделген. Алайда, Келес, Жетісай, Мақтаарал аудандарында бұл жұмыс әлі де жүйеленбегені айтылды.
Нұрбол Тұрашбеков азаматтардың әлеуметтік құқығын сақтау және қорғау маңыздылығына тоқталып, еңбек шартын түзбеген, еңбек шарты бола тұра зейнетақы жарнасын аудармаған мекемелер мен сақтандыру шартын жасамаған жұмыс берушілерге заң аясында шара қолданылатынын ескертті. Аудан-қала әкімдерінің салаға жауапты орынбасарларына жұмысты ширатуды тапсырды.
Жиын барысында еңбек заңнамасының талаптарын сақтау бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту және жұмыс берушілердің жауапкершілігін арттыру мәселесіне де ерекше назар аударылды. Бұл бағыттағы жұмыстарды барлық аудан-қалаларда жүйелі түрде ұйымдастыру қажеттігі айтылды.
Сондай-ақ еңбек қатынастары саласындағы цифрлық жүйелерді тиімді пайдалану арқылы қызметкерлердің құқықтарын қорғау тетіктерін жетілдірудің маңыздылығы сөз болды. Жауапты басқармаларға көрсеткіштерді тұрақты бақылауда ұстап, анықталған кемшіліктерді қысқа мерзімде жою тапсырылды.
Мәжілісте өңірдегі еңбек қатынастарының ашықтығын қамтамасыз ету, әлеуметтік міндеттемелердің уақытылы орындалуын бақылау және заң талаптарының сақталуын күшейту бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатыны атап өтілді.
Жиын қорытындысында жауапты тұлғаларға белгіленген индикаторлардың орындалуын қамтамасыз ету, еңбек құқықтарының сақталуына тұрақты мониторинг жүргізу және туындаған мәселелер бойынша нақты нәтижеге бағытталған шараларды қабылдау жөнінде тапсырмалар берілді.









