Бүгін Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлының төрағалығымен өткен аппараттық мәжілісте халықты жұмыспен қамту шараларының орындалу барысы мен қала аумағында анықталған кемшіліктер мәселесі қаралды.
Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Эльмира Бейсенова баяндама жасап, саладағы атқарылған жұмыстар жөнінде есеп берді.
Баяндамашының мәліметінше, Өңірлік жұмыспен қамту картасы аясында биыл 19 жоба арқылы 136 жаңа жұмыс орнын құру жоспарланған. Бүгінде 3 жоба іске асырылып, 41 жаңа жұмыс орны ашылған.
Сонымен қатар, «10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орны» жобасы бойынша жылдық жоспар 1250 орынды құрайды. Есепті кезеңде 383 жұмыс орны құрылып, бес айлық жоспардың орындалуы 93 пайызға жеткен.
Тұрақты жұмыспен қамту бағытында жыл басынан бері 1794 азамат жұмысқа жолданып, бес айлық жоспар 66,5 пайызға орындалды. Оның ішінде 1644 азаматқа міндетті зейнетақы жарналары аударылған.
Субсидияланатын жұмыс орындары бойынша да жоспарлы жұмыстар жүргізілуде. Жылдық жоспар 1600 орынды құраса, бес айдың қорытындысымен 1232 адам жұмыспен қамтылып, жоспар 103,9 пайызға орындалған. Оның ішінде қоғамдық жұмыстарға – 900, жастар практикасына – 164, әлеуметтік жұмыс орындарына – 97 және «Күміс жас» жобасы аясында 71 азамат жолданған.
Мәжіліс барысында қала әкімі ұлттық жобалар шеңберінде жаңа жұмыс орындарын құру, еңбек шарттарын тіркеу және міндетті зейнетақы жарналарын аудару көрсеткіштерін арттырудың маңыздылығына тоқталды. Жауапты сала басшыларына жұмысты жандандырып, жоспарлы көрсеткіштердің толық орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша қала аумағындағы анықталған кемшіліктер қаралды. Мәжілісте санитарлық тазалық, көгалдандыру, көпқабатты тұрғын үйлердің ортақ пайдалану аумақтары, сондай-ақ балалар ойын және спорт алаңшаларындағы өзекті мәселелер бойынша жүргізілген мониторинг қорытындылары таныстырылды.
Әзімбек Пазылбекұлы халықты жұмыспен қамту, еңбек қатынастарын заңдастыру, зейнетақы аударымдарын қамтамасыз ету, санитарлық тазалық пен абаттандыру жұмыстарын күшейту бағытында нақты тапсырмалар жүктеп, жауапты мекеме басшыларына белгіленген міндеттердің уақытылы әрі сапалы орындалуын тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.









