| БЖЗҚ зейнетақы жинақтарын пайдалану туралы
Өткен бес жарым жыл ішінде тұрғын үй жағдайларын жақсартуға және емделуге ақы төлеуге 5,8 трлн теңгеден астам зейнетақы жинағы пайдаланылды. Оның ішінде ең көп қаражат 2021 жылы алынды – шамамен 2,6 трлн теңге. 2022-2023 жылдары үрдіс төмендегенімен, соңғы жылдары жинақтарды алу көлемі қайта артып, 2025 жылы 1 трлн теңгеден асты. Еске сала кетейік, Мемлекет басшысы зейнетақы жүйесінің негізгі міндеті – азаматтарды зейнетақымен қамтамасыз ету, «мақсатымыз – бүкіл жинақты қазір үлестіріп, азаматтарды қарттық шағында лайықты зейнетақысыз қалдыру емес» екенін қадап айтқан болатын.
Осы жылдары алынған қаражат көлемі азаматтарды зейнетақымен қамтамасыз ету сияқты тікелей міндетті шешуге бағытталған сомадан айтарлықтай асып түсті. Тіпті Қордан алынған қаражат көлемі кейбір жылдары түскен жарналардан да асып кетті. Сондай-ақ жинақтарды шығару олардан алынбай қалған инвестициялық кірістің өсуіне әкеп соғады. Ұзақ мерзімді перспективада бұл зейнеткерлік жастағы жинақтардың айтарлықтай азаюына себеп болады. Еске сала кетейік, Қазақстанда салымшылардың зейнетақы жинақтарындағы жинақталған инвестициялық кірістің үлесі өсіп келеді және қазір шамамен 40%-ды құрайды, ал халықаралық тәжірибеде бұл көрсеткіш әдетте 80%-дан асады. Дамыған елдерде зейнетақы активтері инвестиция көзі және экономиканың тұрақты өсімінің негізі болып саналады. Озық елдерде жинақталған зейнетақы активтері ішкі жалпы өнімнің (ІЖӨ) 100%-ынан асады, ал Қазақстанда қазір зейнетақы активтері әлі де ІЖӨ-нің шамамен 16%-ын ғана құрап отыр. Әлемде жинақтаушы зейнетақы жүйесінің басты міндеті – болашақ зейнетақы төлемдерін қамтамасыз ету. Сол себепті азаматтардың болашақ зейнетақысының лайықты болуы үшін зейнетақы жинақтарын сақтау және оларды Қазақстандағы және халықаралық нарықтардағы ұзақ мерзімді инвестициялау есебінен одан ары арттыру маңызды.
|
|||||||||||||||||||||||
БЖЗҚ 2013 жылғы 22 тамызда «ГНПФ» ЖЗҚ» АҚ негізінде құрылды. БЖЗҚ құрылтайшысы және акционері – Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің «Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті» ММ арқылы Қазақстан Республикасының Үкіметі. БЖЗҚ зейнетақы активтерін сенімгерлікпен басқаруды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жүзеге асырады. Зейнетақы заңнамасына сәйкес БЖЗҚ міндетті зейнетақы жарналарын, жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын, ерікті зейнетақы жарналарын тартуды, сондай-ақ «Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктерінде орналастырылған депозиттерге міндетті кепілдік беру туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйым аударған кепілдік берілген депозит бойынша кепілдік берілген өтемнің талап етілмеген сомасы есебінен қалыптастырылған ерікті зейнетақы жарналарын есепке алып, оның есебін жүргізеді, зейнетақы төлемдерін жүзеге асыруды қамтамасыз етеді. Сондай-ақ Қор нысаналы активтер мен нысаналы талаптарды есепке алуды, нысаналы жинақтау шоттарына нысаналы жинақтарды (НЖ) есепке алу мен есептеуді, НЖ төлемдерін оларды алушының банк шоттарына есептеуді, «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы шеңберінде Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған тәртіппен НЖ қайтарымдарын есепке алуды жүзеге асырады (толығырақ www.enpf.kz сайтында).





