Сауран ауданы, Қарашық ауылдық округінде мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтіп, пайдалануға берілді. Іс-шараға Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров қатысып, мәдениет саласының қызметкерлері мен ауыл тұрғындарын нысанның қайта пайдалануға берілуімен құттықтады. 1970 жылы салынған Қарашық мәдениет үйінің жалпы аумағы 3094 шаршы метрді құрайды. Мәдениет ошағында 150 орындық көрермен залы, сахна және түрлі үйірме жұмыстарын жүргізуге арналған арнайы кабинеттер қарастырылған.
Қазіргі таңда мәдениет үйінде көркемсөз, драма және хор бағытындағы үйірмелер тұрақты түрде жұмыс істейді. Аталған үйірмелерге ауылдың өнерге қызығушылығы жоғары жастары мен тұрғындары белсенді қатысып келеді. Нысанның күрделі жөндеуден өткізіліп, заманауи талаптарға сай жаңғыртылуы мәдени-көпшілік іс-шараларды жоғары деңгейде ұйымдастыруға, ұлттық өнер мен мәдениетті насихаттауға, сондай-ақ жастардың шығармашылық әлеуетін дамытуға мүмкіндік береді.
Салтанатты жиында аудан әкімі мәдениет саласын дамытуға бағытталған жұмыстардың алдағы уақытта да жалғасатынын атап өтті. Сонымен қатар, мәдениет ошақтарының халықтың рухани өміріндегі маңызына тоқталып, жаңғыртылған мәдениет үйі ауыл тұрғындарының игілігіне қызмет етіп, өңірдің мәдени өмірін жандандыруға елеулі үлес қосатынын жеткізді.








