Ордабасы ауданының ауыл шаруашылығында суармалы жерлерді тиімді пайдалану – өнім көлемін арттырудағы басты факторлардың бірі. Аудан экономикасының негізгі қозғаушы күші – аграрлық сектор болғандықтан, егістік алқаптарға жеткілікті су жеткізу өнімнің сапасы мен молдығын қамтамасыз етеді.
2025 жылы ауданда суармалы жүйелерді жетілдіру бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілді. Атап айтсақ, 9 каналға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жалпы жобаның құны 9,5 млрд теңгені құрады. Жөндеуден өткен каналдар: Төрткөл ауыл округінен – «Р-11-С», «Р-11-К», «Р-12», Бөген ауыл округінен – «ЛБК», «Р-1», Қажымұхан ауыл округінен – «Найман», «Қазыналық», Жеңіс ауыл округінен – «Р-6», Қараспан ауыл округінен – «Қараспан» магистралды каналдары. Аталған жобалардың бірнешеуі, атап айтқанда «ЛБК» және «Р-11-С», толық аяқталды, ал «Қараспан» магистралды каналы соңғы сатысында тұр.
Сонымен қатар, аудан көлемінде каналдарға механикалық тазалау жұмыстары жүргізілді. Көктемгі және күзгі маусымда 51 каналдың 132 шақырымы тазаланды. Бұл судың еркін ағымын қамтамасыз етіп, егістік алқаптарға қажетті көлемде су жеткізуге мүмкіндік береді. Суармалы жерлерді тиімді пайдалану ауылшаруашылығы дақылдарының өнімділігін арттыруға, мал азығын жеткілікті дайындауға және жалпы ауыл шаруашылығы өнімінің сапасын көтеруге ықпал етеді.
Су үнемдеу технологияларын енгізу де басты бағыттардың бірі болды. 2030 жылға дейін ауданда 15 891 гектар жерге су үнемдеу жүйелері енгізу жоспарланған. Қазіргі таңда 6 925 гектар жерге заманауи су үнемдеу технологиялары орнатылған. Ағымдағы жылы 73 шаруа қожалығы 1 595 гектар жерге су үнемдеу жүйесін енгізді, оның ішінде 1 395 гектар тамшылатып суғару, 200 гектар жабырлатып суғару әдісімен қамтамасыз етілді. Мысалы, Жеңіс ауыл округінен «ПК Дала» АӨК 650 гектар жерге тамшылатып суғару тәсілімен мақта егіп, гектарына 45 центнерден өнім алды.
Су үнемдеу технологиясы тек суды үнемдеумен шектелмейді. Ол мол және сапалы өнім алуға кепілдік береді. Заманауи әдістерді қолдану арқылы шаруалар өнім көлемін арттырып қана қоймай, шығындарды азайтып, экономикалық тиімділікті қамтамасыз етеді. Суармалы жерлерді дамыту аудандағы егін шаруашылығының тұрақты дамуына, мал азығының жеткілікті болуына және ауыл тұрғындарының табысын арттыруға маңызды әсер етеді.
Қорытындылай келе, Ордабасы ауданындағы суармалы жерлерді дамыту – аграрлық саланың тиімділігін арттырудағы негізгі бағыттардың бірі. Каналдарды жөндеу, механикалық тазалау, су үнемдеу технологияларын енгізу және заманауи әдістерді қолдану арқылы аудан егістік алқаптарының өнімділігін арттырып, ауыл шаруашылығы өнімін көбейтуге жағдай жасады. Бұл шаралар ауданның агроөнеркәсіп кешенін дамытудың негізін құрап, ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.


