Ордабасы ауданы үшін шағын және орта бизнестің дамуы — экономиканың негізі және халықты жұмыспен қамтудың ең тиімді жолы. 2025 жылға қарай ауданда 14 730 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркеліп, оларда 20 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Бұл — аудан халқының едәуір бөлігін тұрақты табыспен қамтамасыз етіп отырған қуатты сектор.
Есепті кезеңде кәсіпкерлер 98,2 млрд теңгенің өнімін өндіріп, өткен жылмен салыстырғанда 39 пайызға өсім көрсетті. Бұл — бір жағынан кәсіпкерлердің белсенділігін, екінші жағынан мемлекеттік қолдау шараларының нақты нәтижесін дәлелдейді.
«Ұлттық жоба» аясында Ордабасы ауданында 16 жоба қолдау тауып, кәсіпкерлерге жалпы сомасы 822 млн теңге көлемінде субсидия мен кепілдеме берілді. Бұл қаражат сауда, құрылыс, ауыл шаруашылығы, тамақ өнеркәсібі сияқты түрлі салаларға бағытталды. Субсидия алған кәсіпкерлердің арасында наубайхана ашқандар, қыш зауытына құрал-жабдық орнатқандар, тойхана салғандар, айналым қаражатын толықтырғандар бар.
Сондай-ақ ауданда кепілдік беру желісі жақсы жұмыс істейді. Несие алуға кепіл мүлкі жетпейтін кәсіпкерлерге мемлекет кепілдік беріп, бизнесін бастауға мүмкіндік жасап отыр. Бұл бағыт бойынша аудан кәсіпкерлері 193 млн теңгенің қолдауына ие болды.
Шағын бизнеске көрсетілген бұл қолдаудың нақты нәтижесі — жаңа нысандардың ашылуы, қызмет сапасының артуы, халыққа ұсынылатын тауарлардың және қызметтердің түрленуі. Мысалы, биыл Темірланда әлеуметтік дүкен іске қосылды. Бұл дүкен жергілікті өндірушілердің өнімдерін тікелей сатуға мүмкіндік береді әрі тұрғындарға тиімді баға ұсынады.
Ордабасы ауданындағы шағын және орта бизнестің дамуына әсер ететін тағы бір фактор — өндірістік парктер мен индустриялды аймақтың болуы. Қолайлы инфрақұрылым кәсіпкерлердің шығынын азайтып, жұмысын жеңілдетеді. Ал мемлекеттік бағдарламалар оларға қаржылай демеу береді. Осындай кешенді саясат ауданда кәсіпкерліктің тұрақты дамуына жағдай жасап отыр.


