Сарыағаш ауданында “Жас түлек” ақпараттық керуені ауданға қарасты қала және ауылдық округтерде түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Ақпараттық керуен аясында 9-11 сынып бітіруші түлектер мен олардың ата-аналарының қатысуымен кездесулер ұйымдастырылып, жастарға түрлі баламалы мүмкіндіктер ұсынылды.
Кездесулер барысында «Серпін-2050» бағдарламасының мүмкіндіктері,«Қапланбек жоғары аграрлық-техникалық» колледжі, «Сарыағаш көпсалалы» колледжі,«№12 МКМ» колледжі, «Арыстанбаб жоғары» колледжі, Шымкент қаласындағы «АзиМед жоғары медициналық» колледжі өкілдері өз оқу орындарын таныстырып, мемлекеттік гранттар, тегін жатақхана, сапалы білім және мамандық алу мүмкіндіктері жайлы ақпарат берді. Сонымен қатар, аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің өкілі әскер қатарында болудың маңыздылығы мен артықшылықтарына тоқталып, әскери қызметтің жастарға беретін мүмкіндіктерін түсіндірді. Ақпараттық топ жетекшісі, аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы Н. Отаров әрбір жасқа дұрыс таңдау жасауға көмектесу маңызды екенін жеткізді.
Кездесудің негізгі мақсаты – ҰБТ-ға қатыспаған немесе төмен балл жинаған түлектерге болашаққа дұрыс бағыт көрсету, колледжге түсудің, әскерге барудың артықшылықтарын түсіндіру болды.
Айта кетсек, Сарыағаш ауданында 2024-2025 оқу жылының қорытындысы бойынша 3714 оқушы 11-сыныпты аяқтады. Алайда олардың ішінен 517 түлек ҰБТ-ға қатыспауға ниет білдірген. Осыған байланысты аудан әкімінің орынбасары А. Қозыбаевтың тапсырмасына сәйкес түлектерге кәсіби бағыт-бағдар беру мақсатында “Жас түлек” ақпараттық керуені құрылған.