Бүгін 4 маусым – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күні ел көлемінде «AMANAT» партиясының «Жастар рухы» жастар қанаты дәстүрлі «Менің Елім – Менің Туым» республикалық акциясын ресми түрде бастады.
Акцияның басты мақсаты – Мемлекеттік Туға деген құрметті арттыру, елдік сана мен ұлттық бірегейлікті қалыптастыру, жастардың бойындағы патриоттық рух пен азаматтық жауапкершілікті нығайту.
Партияның «Жастар рухы» жастар қанаты бұл жобаны бірнеше жылдан бері үздіксіз ұйымдастырып келеді. Соңғы үш жылда республика аумағындағы жүздеген елді мекенде Мемлекеттік Ту ілініп, мыңдаған жас өз үндеуін елмен бөлісті.
Биылғы акция аясында да еліміздің барлық өңірлерінде Мемлекеттік Ту орнату, түрлі патриоттық шаралар ұйымдастыру жоспарланған. Аймақтарда бір мезгілде ту көтеру рәсімдері, автокеруендер, флешмобтар, спорттық шаралар және салтанатты жиындар өтуде.
Аталған бастама Түркістан өңірінде де ерекше сипат алды. Акцияға облыстық «Жастар ресурстық орталығы» КММ, мәслихат депутаттары, қоғам қайраткерлері, еріктілер мен жас белсенділер атсалысып, қала және аудан орталықтарында, ауылдық елді мекендерде ту көтеру рәсімдерін ұйымдастырды.
Мемлекеттік рәміздерге құрмет көрсету – әр азаматтың қасиетті борышы. Бұл науқан қоғамда, әсіресе жастар арасында, мемлекеттік рәміздерге деген құрмет мәдениетін қалыптастыруда үлкен рөл атқарады. «Менің Елім – Менің Туым» акциясы – рухани жаңғырумен үндесіп жатқан, ұлттың ұлы құндылықтарын ұлықтайтын тағылымды іс.
Сонымен бірге, Түркістан жастары туды көтеріп, рәміздерге құрмет көрсетті.
4 маусым — Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күніне орай Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасына қарасты «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен патриоттық бағыттағы ерекше іс-шара өтті.
Іс-шара аясында Түркістан қаласының белсенді жастары футбол алаңында алып көлемдегі Мемлекеттік туды бірігіп көтеріп, рәміздерге деген ерекше құрметін көрсетті.
Іс-шара барысында қатысушылар Мемлекеттік Әнұранды бірге орындап, Қазақстан Республикасының Туы, Елтаңбасы және Әнұраны жайлы маңызды мағлұматтармен танысты. Жастар өз елінің рәміздеріне деген шынайы құрметін білдіріп, патриоттық рухты дәріптеудің жарқын үлгісін көрсетті.