Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу қазіргі қоғамның өзекті мәселелерінің бірі. Осы ретте Түркістан облысының полиция департаменті білім беру мекемелерімен өзара белсенді іс-қимыл жасасуда. Оның ішінде студент, оқушылармен түсіндірме жұмыстарын жүргізуде.
Мәселен «Профилактика жылы» аясында Қ.А.Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының орынбасары Қ.Жұмаділдаевтың, киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының міндетін атқарушы Е. Шәкімнің, полиция подполковнигі Ж.Қапановтың және оқу орнының 200-ден астам студенттері мен оқытушыларының қатысуымен кездесу ұйымдастырды.
Полиция қызметкерлері іс-шара аясында студенттердің назарын қорқыту, бопсалау, тонау, топтық төбелес, қару қолдануға байланысты қылмыстар мен құқық бұзушылықтарды жасамауға, интернет-алаяқтықтан сақ болуға аударды. Сондай-ақ өз тәжірибелерінен нақты мысалдар келтіріп, жастарға қылмыс пен жауапсыз мінез-құлықтың салдары туралы түсіндірді.
Сонымен қатар тәртіп сақшылары интернет-кеңістіктегі кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігі, интернет-алаяқтық, нашақорлық, экстремистік идеологияға қарсы іс-қимыл мәселелерін қозғады. Жастарды салауатты өмір салтын ұстануға шақырды.
Бүгінгі күні кең таралған қылмыстардың бірі — алаяқтық. Қәзіргі дамыған заманда алаяқтардың азаматтардың атынан онлайн несие алуы және адамдардың интернет- алаяқтық әсерінен қарызға батуы проблемаға айналды. Интернет желісінде жасалған қылмыстар, оның ішінде әлеуметтік желілерде вирустық сілтемелерді тарату туралы хабарландырулар көп кездесіп отыр.
Өз кезегінде университет студенттері спикерлерге талқыланған тақырыптар бойынша сұрақтарын қойып, толық жауаптарын алды. Ұйымдастырушылар мен полиция қызметкерлеріне танымдық және қызықты сұқбат үшін алғыс білдірді.
Полицейлер атап өткендей, мұндай алдын алу шаралары жастардың заңдар мен құқықтық жауапкершілікті дұрыс түсінуін қалыптастыру үшін маңызды. Жалпы құқық бұзушылықтардың алдын алу және жастар үшін қауіпсіз орта құру жөніндегі жұмыс алдағы уақытта да жалғасатын болады.