Салық реформасы баршаға тиімді болуға тиіс — Төрттаған
Воскресенье, 6 июля, 2025
  • Біз туралы
  • Сайт ережелері
Төрттаған
No Result
View All Result
  • Басты бет
  • Жаңалықтар
  • Саясат
  • Экономика
  • Мәдениет
  • Руханият
  • Әдебиет
  • Қоғам
  • Әлемде
  • Тарих
  • Спорт
  • Басты бет
  • Жаңалықтар
  • Саясат
  • Экономика
  • Мәдениет
  • Руханият
  • Әдебиет
  • Қоғам
  • Әлемде
  • Тарих
  • Спорт
No Result
View All Result
Төрттаған
No Result
View All Result
Басты бет Жаңалықтар

Салық реформасы баршаға тиімді болуға тиіс

14.02.2025
Жаңалықтар
0

READ ALSO

ТҮРКІСТАН: ТӨЛЕБИДЕ БАЛАЛАРДЫ ЖЫЛ 12 АЙ САУЫҚТЫРУДАН ӨТКІЗЕТІН ЛАГЕРЬ АШЫЛДЫ

МАҚТААРАЛДА БИЫЛ «КЕЛЕШЕК МЕКТЕПТЕРІ» ЖОБАСЫ АЯСЫНДА 1500 ОРЫНДЫҚ МЕКТЕП ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛЕДІ

Қосылған құн салығына (ҚҚС) қатысты халық арасында әлі де сұрақ көп. Бұл мәселені сан-саққа жүгіртудің қажеті жоқ, байыппен қарап, кәсіби мамандар жан-жақты түсіндіріп бергені жөн. Осы орайда Ұлттық экономика министрлігі Салық және кеден саясаты департаментінің директоры Ерлан Сағынаевқа бірқатар сұрақ қойдық.

 

Салық реформасы баршаға тиімді болуға тиіс

– Ел арасында ҚҚС-ға қатысты сауал аз емес. Түйіні мынаған саяды: Бюджеттегі тапшылықты қыс­қарту үшін Үкімет мемлекеттік шығын­дарды азайтудың орнына ҚҚС мөл­шер­лемесін көтеруге неге көшті?

– Бүгінде бюджеттік кірістің 70%-ын табыс көздеріміз құрайды, ал қалған 30%-ы қарыздар мен Ұлттық қордан бөлінетін трансферттер есебінен жабылады. Ұлттық қордан бөлінетін кепілдендірілген трансферт бюджет ережелері аясында реттеледі. Жаңа Бюджет кодексі бюджет шығыстарының өсу қарқыны мен кепілдендірілген трансферт мөлшерін қатаң сақтауды міндеттейді. Сондай-ақ дағдарыс, төтенше жағдайлар және Президенттің тапсырмалары бойынша осы ережелерден ауытқыған жағдайда әрекет ету алгоритмі бекітілген.

Ұлттық қордан бөлінетін нысаналы трансферт тек маңызды ұлттық жобаларды қаржыландыруға бағыт­талады. Бұл қаражаттан ел экономикасы­на нақты пайда әкелетін, жаңа жұмыс орындары мен салық түсімдерін көбей­тетін жобаларға ғана қаржы бөлінеді. Бюджеттің ағымдағы шығындарын осы қаражатпен жабуға тыйым салынған. Қазіргі уақытта бюджет тапшылығы жалпы шығыстардың шамамен 30%-ын құрайды. Бұл мәселені шешу үшін жүйелі шаралар қажет, соның ішінде институционалдық және құрылымдық реформалар жүргізілуге тиіс.

– Бюджеттің бүйірін қампайт­қанмен, бұл қаржы дұрыс игерілмей қалса қайтеміз? Оған кепілдік болар қандай шаралар қабылданып жатыр?

– Экономиканы жаңғырту мен әртараптандыру үшін бірқатар құжат­ қабылданды, олардың қатарында либерализациялау жөніндегі Жарлық, Ұлттық даму жоспары және Ұлттық инфрақұрылымдық жоспар бар. Осы құжаттар негізінде реформалар бірнеше бағыт бойынша жүзеге асырылады. Алғашқысы, инвестициялық саясатты дамыту. Оның мақсаты – инвестициялық ахуалды жақсарту арқылы капитал ағынын арттыру. Инвесторларға арналған рәсімдер жеңілдетіліп, жеделдетіледі. Кедендік және салықтық жеңілдіктер беру кезінде сараланған тәсіл енгізіледі. Белгілі бір көлемдегі инвестиция құй­ған жағдайда, салық заңнамасының тұрақ­тылығына кепілдік беретін Инвес­тициялық міндеттемелер туралы келі­сім жасау мүмкіндігі ұсынылады. Негізгі капиталға салынған инвестициялар мен еңбек өнімділігі артқан са­йын, жоғары және орташа деңгейдегі өңделген өнімдердің өндірісі ұлғаяды. Екіншісі, кәсіпкерлікті дамыту. Мем­лекеттік реттеу талаптары қайта қара­лып, 10 мыңнан астам талап жойыл­ды. Мемлекет меншігіндегі кәсіп­орын­дарды жекешелендіру арқылы бизнестің үлесін арттыру көзделген. Квазимемлекеттік сектордың мем­лекеттік сатып алуларға қатысуы шектеледі, бұл нарықтағы бәсекелестікті күшейтіп, тауар нарығының тиімді жұмыс істеуіне ықпал етеді. Осы өзгеріс­тердің арқасында кәсіпкерлер өз ісін кеңейтуге және дамытуға ынталанады. Үшіншісі, банктік секторды дамыту және либерализациялау. Шетелдік банктердің еншілес ұйым­дары мен филиалдарын ашу шарттары жеңілдетіледі.

– 2020 жылдан бері ҚҚС мөлшер­лемесін арттыруға бизнес пен қоғам тарапынан наразылық оқтын-оқтын айтылып келеді. Қазір де қызу талқыланып жатыр. Мемлекет бас­шысы бұл мәселені кәсіби сарапшы­лар талдап, таразылап беруге тиіс еке­нін айтты. Бизнес өкілдерінің, қара­пайым халықтың пікірі, сын-ес­керт­песі ескеріліп жатыр ма? Жалпы, бұл бағытта нендей өзгеріс бар?

– Қазіргі салық реформасы мемлекет, бизнес және халық мүдделерінің тепе-теңдігін сақтауды көздейді. Осыған байланысты ҚҚС мөлшерлемесінің өсуі, ҚҚС бойынша есепке қою шегінің төмендеуі, кейбір экономикалық қызмет түрлерін бөлшек салықтан жеңілдетілген декларация негізіндегі арнайы салық режіміне және жалпыға ортақ салық салу режіміне көшіру шара­лары ұсынылып отыр. Бұл өзгеріс­тер бюджетке қосымша 7 трлн теңге көлемінде ҚҚС түсімін береді. Сонымен қатар 2028 жылға дейін бизнестің салықтық жүктемесі 8%-ға азаяды. Бұл әлеуметтік салықтың белгілі бір бөлігін бюджеттен өтеп беру есебінен жүзеге асырылады (қосымша түсімдер есебінен 2 трлн теңге өтелмек).

Қорыта айтқанда, бұл реформа фискалдық саясаттың теңгерімділігін сақтау, ҚҚС-ның жанама салық ретін­дегі бастапқы мәнін қайтару, бюджеттің кіріс бөлігін нығайту, салық ауыртпалығын тұтыну, жалақы, пайда арасында әділ бөлу қажеттілігінен туындап отыр.

– Мысалы, экспорттаушылар бюджеттен ҚҚС қайтарымын алады. Ол өссе, бюджеттен қайтарылатын қаражат мөлшері артады. Мұның логикасы қандай?

– Егер ҚҚС қайтарымы көбей­се, бұл салықтың бюджетке көптеп түсе­тінін білдіреді. Ішкі тұтыну жоғары мөлшерлеме бойынша салық­тандырылатын болады, ал экспорттық операциялар (0% мөлшерлемемен салық салынатын) бұрынғы жүйеде қалады. Осылайша, мөлшерлеменің артуы ел ішіндегі салықтық түсімдерді көбей­тіп, экспорттаушыларға қай­тарым­ды өтеуге мүмкіндік береді.

– ҚҚС мөлшерлемесін арттыру халықтың жоғары қарыздық жүктемесі жағдайында инфляцияға әкеледі. Халық пен бизнестің қарыз­дық ауыртпалығы, сондай-ақ несие беру жүйесінің аз ғана банктер арасында шоғырлануы қаржылық тұрақтылыққа қауіп төндіреді. Бұл мәселе қалай шешіледі?

– Тауарлар, жұмыстар мен қызмет­тердің құнына, жылдық инфляция деңгейіне және несие көлемінің артуына әсер етеді, бірақ экономикаға оң ықпалы басым болады. Қазіргі уақытта халықтың несиеге сұранысы жоғары болып отыр, әсіресе тұтынушылық несиелеу қарқынды өсуде. Тұтынушылық несие көлемінің артуына бөліп төлеу бағдарламаларының қолжетімділігі, банк секторында цифрлық шешімдердің кеңінен енгізілуі және несиені мақұлдау мен берудің жеңілдеуі себеп болып отыр. Алайда қаржылық тұрақтылыққа тікелей қауіп төніп тұрған жоқ. 2024 жылы қаржылық реттеуші халықтың шамадан тыс қарызға батуының алдын алу және қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау мақсатында бірқатар реттеуші және заңнамалық шараларды қабылдады. Ұлттық банк пен қаржылық реттеуші банк секторындағы жағдайды тұрақты түрде бақылап отыр.

– Еліміздің мемлекеттік қарызы қанша? Оны қалай қысқарту жос­пар­ланған?

– Мемлекеттік қарыздың тұрақ­ты­лығын қамтамасыз ету Үкіметтің тұрақты бақылауында. Қазіргі уақыт­та белгіленген барлық борыштық көр­сет­кіштер сақталып отыр. 2024 жылғы 1 қа­зан­дағы жағдай бойынша мем­лекет­тік қарыз 30,5 трлн теңгені немесе ІЖӨ-нің 22,6%-ын құрады. Қарыз көлемі мен оны өтеу шығындарының өсуін тежеу үшін бірқатар шара қабылданып жатыр. Атап айтар болсақ, біріншіден, бюджет тапшылығын кезең-кезеңімен қысқарту – 2025 жылы ІЖӨ-нің 2,7%-нан 2027 жылы 1,9%-ға дейін төмендету. Бұл жаңа қарыз алуды шектеуге және мемлекеттік борыштың өсу қарқынын баяулатуға мүмкіндік береді. Екіншіден, жеке табыс көз­дерін ұлғайту мақсатында көлеңкелі эконо­миканы азайту, салықтық және кеден­дік әкімшілендіруді күшейту. Үшін­шіден, несиені негізінен ішкі нарық­тан теңгемен алу. Бұл валюта­лық тәуекел­дерді болдырмай, қарызды өтеу шығын­дарын шектеуге мүмкіндік береді. Со­нымен қатар ішкі қор нарығын да­мыту арқылы шетелдік инвесторлар­ды тарту, бұл қосымша өтімділікті қамт­амасыз етіп, қарыз алу құнын төмендетеді.

Алдағы 5 жылға жасалған болжамға сәйкес, мемлекеттік қарыз қауіпсіз деңгейде, яғни ІЖӨ-нің 25%-дан ас­пай­тын көлемде сақталады. Жалпы, мем­лекеттік қарызды басқару саясаты халықаралық тәжірибеге сай келеді. Халықаралық стандарттар бойынша мемлекеттік қарыздың қауіпсіз деңгейі ІЖӨ-нің 50-60%-ынан аспауға тиіс. Елдің қаржылық тұрақтылығы жетекші рейтингтік агенттіктердің жоғары несие рейтингтерімен және тұрақты болжамдарымен расталған. Бұл еліміздің өз борыштық міндеттемелерін орындау қабілетінің сенімді екенін көрсетеді. Халықаралық қаржы ұйымдарының сарапшылары мемлекеттік қарыз деңгейін «төмен» деп бағалап, оның басқарылатын деңгейде екенін және ұзақмерзімді экономикалық өсімге қауіп төндірмейтінін атап өтуде.

– Жаңа Бюджет кодексі не ұсынады?

– Жаңа Кодексте атқарушы орган­дардың бірінші басшыларының бюд­жет қаражатын тиімді пайдалануы­на және бюджет тәртібін сақтауына жауап­кершілік күшейтілді. Жауапкер­шілік түр­лері кеңейтілді: енді олардың саны 69 (қол­даныстағы Кодексте – 48). Министр­л­ер­дің, әкімдердің және бюджет ба­ғдар­ламалары басшыларының жеке жауап­кершілігі 15-тен 30 құқық ­бұзу­шы­лық түріне дейін көбейді. Страте­гия­лық қателіктер үшін жаңа санкция­лар ен­гізілді. Сонымен қатар мақсат­ты көр­сет­кіштерді нақты бөлінген бюд­жетке сәйкес өзгерту тәжірибесі жойылады.

Бұрын даму жоспарлары мен бюджет бағдарламалары бөлінген қара­жатқа бейімделетін, бұл мемле­кеттік органдарға қойылған міндет­терді орындамағаны үшін жауапкер­шілік­тен жалтаруға мүмкіндік бере­тін. Енді жоспарланған және нақты орын­далған көрсеткіштер арасындағы айырмашылық көрсетілетін болады. Жауапкершілік квазимемлекеттік сек­торға да таралады. Жаңа Бюд­жет кодексі жемқорлықпен және жауапсыздықпен күреске тікелей бағытталған. Қатаң бақылау, министрлердің, әкімдердің және мемлекеттік бағдарламалар басшыларының бюджет үдерісінің әр кезеңі үшін жеке жауапкершілігі қаржы басқару жүйесін ашық ете алады. Алайда бұл шаралардың тиімділігі олардың іс жүзінде қаншалықты қатаң қолданылатынына байланысты болмақ.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Елігімай ТӨҢКЕР,

БөлісуTweetБөлісуБөлісуЖолдау
Алдыңғы мақала

Казахстанские хоккеисты завоевали золотую медаль Азиатских игр-2025 в Харбине (Китай).

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ...

Прокуратурада алаяқтықтың алдын алу бойынша жиын өтті

Оқи отырыңызМақалалар

ТҮРКІСТАН:  ТӨЛЕБИДЕ  БАЛАЛАРДЫ ЖЫЛ 12 АЙ САУЫҚТЫРУДАН ӨТКІЗЕТІН ЛАГЕРЬ АШЫЛДЫ
Жаңалықтар

ТҮРКІСТАН: ТӨЛЕБИДЕ БАЛАЛАРДЫ ЖЫЛ 12 АЙ САУЫҚТЫРУДАН ӨТКІЗЕТІН ЛАГЕРЬ АШЫЛДЫ

28.06.2025
4
МАҚТААРАЛДА БИЫЛ «КЕЛЕШЕК МЕКТЕПТЕРІ» ЖОБАСЫ АЯСЫНДА 1500 ОРЫНДЫҚ МЕКТЕП ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛЕДІ
Жаңалықтар

МАҚТААРАЛДА БИЫЛ «КЕЛЕШЕК МЕКТЕПТЕРІ» ЖОБАСЫ АЯСЫНДА 1500 ОРЫНДЫҚ МЕКТЕП ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛЕДІ

27.06.2025
4
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ ТУРИЗМ САЛАСЫНА ШЕТЕЛДІК ИНВЕСТИЦИЯ ТАРТУДА
Жаңалықтар

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ ТУРИЗМ САЛАСЫНА ШЕТЕЛДІК ИНВЕСТИЦИЯ ТАРТУДА

26.06.2025
4
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА АНА МЕН БАЛА ДЕНСАУЛЫҒЫНА БАСЫМДЫҚ БЕРІЛУДЕ
Жаңалықтар

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА АНА МЕН БАЛА ДЕНСАУЛЫҒЫНА БАСЫМДЫҚ БЕРІЛУДЕ

24.06.2025
4
ЕЛ ҮМІТІ – ЖАС ҰРПАҚ
Жаңалықтар

ЕЛ ҮМІТІ – ЖАС ҰРПАҚ

23.06.2025
4
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ЖЫЛ БАСЫНАН БЕРІ 56 МЫҢҒА ЖУЫҚ АДАМ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТЫЛДЫ
Жаңалықтар

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ЖЫЛ БАСЫНАН БЕРІ 56 МЫҢҒА ЖУЫҚ АДАМ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТЫЛДЫ

23.06.2025
4

Добавить комментарий Отменить ответ

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

КӨП ОҚЫЛҒАНДАР

«Жасыл экономиканы» дамытудың шетелдік тәжірибесі

01.10.2022
433

Энергияны үнемдеу технологиясы және энергия ресурстарын тиімді пайдалану мәселелері           

01.12.2022
356
БАЯНДЫ БАСТАМАНЫ ҚОЛДАУҒА ШАҚЫРАДЫ

Қоршаған ортаны қорғау жөніндегі халықаралық ынтымақтастық

11.10.2022
217
ТҮРКІСТАН: САЛТ-ДӘСТҮРЛЕР – САН САЛАЛЫ МӘДЕНИЕТ ЖЕМІСІ

ТҮРКІСТАН: САЛТ-ДӘСТҮРЛЕР – САН САЛАЛЫ МӘДЕНИЕТ ЖЕМІСІ

07.12.2023
167
ҚОРШАҒАН ОРТАНЫ ҚОРҒАУ – ИГІЛІКТІ ІС

ҚОРШАҒАН ОРТАНЫ ҚОРҒАУ – ИГІЛІКТІ ІС

27.09.2022
161

БІЗ ТУРАЛЫ

Төрттаған

Ақпараттық агенттік Қазақстан Республикасы Ақпарат және Қоғамдық даму министрлігінде 08.04.2022 ж. тіркеліп, №KZ92VPY00047746 куәлігі берілген.

САЙТ ЕРЕЖЕСІ

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін, мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек.

РЕДАКЦИЯ

  • Біз туралы
  • Сайт ережелері
  • Байланыс
  • Біз туралы
  • Сайт ережелері

© 2022 / 4tagan.kz - ақпараттық агенттігі / Барлық құқықтар қорғалған.

No Result
View All Result
  • Басты бет
  • Біз туралы
  • Сайт ережелері
  • Жаңалықтар
  • Саясат
  • Қоғам
  • Экономика
  • Руханият
  • Мәдениет
  • Әдебиет
  • Әлемде
  • Тарих
  • Спорт

© 2022 / 4tagan.kz - ақпараттық агенттігі / Барлық құқықтар қорғалған.