Президент Қазақстан халқына арнаған Жолдауында Үкіметке коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртуды тапсырды, «Жергілікті өзін-өзі басқару мәселелеріне, қоғамдық кеңестердің, пәтер иелері кооперативтері мен мүлік иелері бірлестіктерінің қызметін өзгертуге айрықша назар аудару қажет. Тұрғын-үйлер мен қала инфрақұрылымын абаттандыру мәселесін қолға алу керек», деген болатын.
Түркістан қаласында О.Жарылқапов пен Қазыбек би көшелерін жалғайтын кең жолақты көшенің құрылысы жүруде. Бүгін қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков нысан басына барып, мердігерлермен кездесті.
Облыс орталығындағы кең жолақты көшелер санын арттыру — көлік қозғалысын жүйелеуді көздейді.
Қазыбек би — О.Жарылқапов көшелерінің аралығындағы жол іске қосылғанда Кентау бағытынан келетін көліктерге қосымша айналма жол ретінде қызмет етеді, Қазыбек би көшесінде кептелістің алдын-алып, жол жүктемесін азайтады.
Көше 4 жолақты болады. Сонымен қатар, жол жиегі аяқжолмен, суағар науамен қамтылады. Нысанды толық аяқтап тапсыру 2025 жылға жоспарланған.
Нұрбол Әбдісаттарұлы тиісті мекеме басшыларына электр бағаналары мен трансформаторларды ауыстыру бойынша тапсырма беріп, мердігерге инженерлік жүйелердің сақталуын қамтамасыз етуді ескертті.
Шаһар басшысы Тоған және М.Әбенова көшелерінің аралығын қосу құрылысын да тексерді. Жүргізушілер ендігі кезекте қауіпті бұрылыстан арылып, М.Әбенова көшесіне кедергісіз шығу мүмкіндігін иеленбек.
Қазіргі таңда жол негізі әзірленуде. 2 жолақты жолға асфальт төселіп, жаяулар үшін аяқжол салынады.
Нұрбол Әбдісаттарұлы Әкімшілік іскерлік орталығы аумағындағы кемшіліктерді жою бойынша берілген тапсырмалардың орындалуын бақылады. 9-11 көшелерді жаяу аралап, бекітілімге сәйкес бөлім басшыларының атқарған жұмыстарының есебін алды.
Аралау барысында кәсіпкерлік нысандардың сыртқы қасбеттері мен жарнамаларын реттеу, сәулеттік жобасын сәйкестендіру мәселелері сараланды.
ӘІО аумағындағы бүлінген аяқжолдар, көпқабатты тұрғын үйлердің сыртқы фасады тапсырмаға сәйкес реттелуде.