Қаржылық пирамидалардың елімізде өркен жаюына қаржылық институттар мен құралдардың қажетті деңгейде жетілмеуі және халықтың қаржылық сауатының төмендігі себеп болуда. Алданған адамдардың қаржылық пирамидаларға салған қаражатының көлеміне қарасақ, оларда артық ақша барын аңғаруға болады екен. Олар қаражатын инвестициялауға дайын. Бұл туралы qazdauiri.kz-ке сілтеме жасаған 4tagan.kz ақпарттық агенттігі хабарлайды. Алайда адал инвестициялық ұйымдар мен нақты өндірістік жобалар жоқтың қасы. Яғни бізде ішкі инвесторлар әлеуетін пайдалану тәжірибесі мүлде дамымаған десе де болады. Ол тұрмақ, жиналған ақшаны (мысалы, зейнетақы қорындағы) игерудің, тиімді басқарудың өзі қиын болып отырғанда, халықтық IPO туралы айтпаса да болады. Бұл жағдай қаржылық институттардың жұмысының әлсіздігі мен тиімсіздігінен туындап отыр.
Екінші жағынан, азаматтарымыз қарапайым экономика заңдылықтарын білмейді: яғни шығын мен кірістің ара қатынасын ажырата алмайды. Оңай жолмен ауадан ақша жасауға болатынына сенеді. Бұған халықтың қаржылық және құқықтық сауаты мен мәдениетінің тым төмен болуы да әсер етіп отыр. Осы туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та өз сөзінде айтып өтті. Ішкі істер министрлігінің ресми мәліметтеріне сәйкес, «Гарант24 Ломбард» ұйымына адамдардың салған ақшасының көлемі 5 млрд теңгеден асып жығылады екен. Жалған ұйым 42 мыңнан астам адаммен шарт жасасыпты. Осыған орай, Қылмыстық кодекстің алаяқтық және қаржы пирамидасына қатысты 190 және 217-баптары бойынша 22 қылмыстық іс қозғалды.
Иә, бұл Қазақстандағы бірінші қаржылық алаяқтық оқиғасы емес. Ірілі-ұсақты қаржы пирамидалары жыл сайын халықтың сеніміне кіріп алдап, ақшасынан айырып жатыр. Бірақ бұдан сабақ алып отырған адам көп емес.