Сең қозғалды. Оқулық бар. Ал оны кім, қашан, қалай дайындады? Бұл туралы MediaNet Халықаралық журналистика орталығындағы Медиасауат бағдарламасының жетекшісі А.Кошкинадан сұрадық, деп жазады «Aqiqat»-қа сілтеме жасаған 4tagan.kz.
– Медиа және ақпараттық сауат тақырыбында оқулық дайындауға не түрткі болды? Оқу құралын кім дайындады, оған қанша уақыт кетті?
– Медиа және ақпараттық сауат – кез келген адамның ең маңызды құзыреттерінің бірі. Сыни тұрғыдан ойлау, ақпаратты талдау, деректерді тексеру, желіде өзін қорғау қабілеті жас пен кәрі үшін маңызды. Жас ұрпақ бұл дағдыларды неғұрлым тез меңгере бастаса, соғұрлым олар ақпараттық кеңістікте өзін қауіпсіз сезінеді.
Біздің ұйымның алға қойған мақсаттарының бірі Қазақстан мен Орталық Азиядағы жалған ақпаратқа қарсы тұру, сондықтан оқу-әдістемелік кешен (ОӘК), яғни мектептердің 9-11-сыныптарына арналған оқулық пен мұғалімдерге арналған әдістемелік нұсқаулық құрастыру осы мақсатқа жету жолындағы үлкен қадамдардың бірі болып табылады.
Орталық Азия мен Еуропаның жетекші медиа-сарапшыларының ОӘК жобасын дайындауына бір жыл уақыт кетті. Мақсатты аудитория бойынша алдын ала тестілеу кезеңі, алынған нәтижелерден кейін бейімделу, Білім және ғылым министрлігіне қарасты «Оқулық» орталығында тексеруге қажетті құжаттарды дайындау тағы бір жыл уақыт алды. Нәтижесінде 2021 жылы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінен ресми рұқсат алдық.
– Оқулық авторларының осы саладағы тәжірибесі қандай?
– Журналистика, фактчекинг және медиасауат салаларында көптеген оқу-әдістемелік құралдар, брошюралар жазу тәжірибеміз болды. Мысалы, біздің «Практикалық журналистика» және «Практикалық журналистика 2.0» оқулығы жоғары оқу орындарында ұдайы қолданылуда. «Фактіні тексеру журналистік зерттеудегі тренд» оқулығына да журналистер жиі жүгінеді. ОӘК-нен кейін де осы бағытта, яғни тренерлер үшін медиасауат және университет студенттері үшін өшпенділік тілімен күресу бойынша бірнеше оқу құралын шығардық. Оған қоса, біз бұл тақырыптарды онлайн және офлайн курстар мен семинарлар арқылы, сондай-ақ QLEVER Asia білім беру платформасында онлайн оқыту курстары түрінде ұдайы оқытамыз.