Әлеуметтік желілердің өмірімізге етене енуімен бірге жаңа мәселелер бой көтерді. Осыған орай медиа және ақпараттық сауат ұғымы пайда болды. Жалған ақпарат, фейк жаңалықтар, постшындық дәуірі медиа сауатты мектептен бастап оқытудың ұтымды екенін көрсетті. Осыған орай елімізде биылғы оқу жылынан бастап Медиа сауат мектеп оқушыларына электив курс ретінде енді. Бұл туралы minber.kz сайтына сілтеме жасаған 4tagan.kz жазады. Енді балалар интернеттен қажетті ақпаратты іздеу, тапқан мәліметін талдап-сараптау және өңдеу туралы арнайы оқып біледі. Осыған орай медиасауатты оқушыны қалай қалыптастыруға болатынын саралап көрген едік.
Ақпараттық қауіпсіздік. Әлеуметтік инженерия (social engineering) терминіне «заңды пайдаланушыдан желілік құпияларды біліп алу үшін алдау, алаяқтық, әртістік өнер мен шешендігін пайдалану» деген анықтама берілген. Ал алаяқтар кез келген адамның әлеуметтік желідегі аккаутын, электронды поштасын бұзу арқылы жеке тұлғаға, оның таныстарына қатысты көптеген мәлімет жинақтай алады. Соны пайдаланып қаржылай көмек сұрап, жалған хабарламалар жіберуі мүмкін. Тіпті тұлғаның жеке деректеріне қол жеткізген соң, оның атынан заңды құжаттар даярлап, поштамен жолдап, кейін осы арқылы қорқытып, бопсалап жататын жағдайлар да кездеседі. Қазір әр оқушының электронды поштасы және бірнеше әлеуметтік желіде аккаунты бар екенін ескерсек, алаяқтардың құрығына тек үлкендер емес, жасөспірім балалар да жиі түсетініне таңғалу орынсыз.
Кейбір банктер ата-ана келісімімен 10 жастан асқан балаларға банк картасын ашуға мүмкіндік береді. Баланың электрондық поштасы мен банк картасының нөмірі әлеуметтік инженерия өкілдерінің қолына түссе, жалған СМС хабарламалар жіберіп, баланың сеніміне кіріп, келген кодты ерікті түрде енгізуге итермелейді. Банк картасындағы қаражатты алаяқтық жолмен шешіп алу OLX.kz сайтын пайдаланушылар арасында жиі кездеседі. Сондықтан осындай сайттардағы алаяқтардың жеткізу, сілтеме арқылы төлем жасау қызметін пайдаланудың аса қауіпті екенін балаларға ескертіп, сақтандырған жөн. Төлқұжаттың, банк картасының көшірмесін электронды поштаға, әлеуметтік желіге жүктеу, WhatsApp арқылы жолдау қауіпті екенін балаларға үнемі ескертіп отыру керек.