Ақпараттық соғыстар бұл қоғамдық сананы жаулауға арналған соғыстар. Қоғамдағы аңқау адамдарды ақпараттық манипуляция арқылы өз дегеніне көндіру, жетегіне ілестіру, сол арқылы көздеген мақсаттарына қол жеткізу белгілі бір топтың көздеген мақсаты болуы мүмкін. Алайда, ақпараттық соғыс қашан басталып, қашан аяқталады, ол науқан кімдерге арналған, ол қаншалықты қауіпті немесе зиянды, бұл жағын ажырату өте қиын. Бұл туралы minber.kz сайтына сілтеме жасаған 4tagan.kz жазады. Ақпараттық соғыстар тактикалық ақпараттарды жинау, ақпараттың шынайы екендігін қамтамасыз ету, үгіт-насихатпен айналысу немесе қоғамды манипуляциялау әлде деморализациялау мақсатында дезинформация тарату, қарсы тараптың ақпаратын жоққа шығару әрі олардың ақпарат жинауына мүмкіндік бермеу жолымен жүзеге асуы мүмкін. Ақпараттық соғыс психологиялық соғыспен тығыз байланысты.
ХХІ ғасырда ақпараттық соғыстың жаңа әдісі пайда болды. Мемлекеттер, саясаткерлер өздерінің қарсыластарын бұрынғыдай оқ пен қарумен сұлатпайды, ақпараттық жүйелеріне зақым келтірсе жетіп жатыр. Бұны ақпараттық соғыстың шарықтау шегі десе де болады. Ұлттық Қорғаныс университетінің қызметкері Дэн Кюль (Dan Kuehl) ақпараттық информацияға: «ақпараттық ортадағы екі немесе одан да көп топтың өзара шиеленісі» деген анықтама береді. Ақпараттық соғыс шын мәнінде өте қауіпті әрі қатыгез. Батыс басшылары Қытай мен Ресейдің деңгейінен қалыспау үшін электронды коммуникацияларды қорғау, оған төнетін қауіпке қарсы тұру үшін миллиардтап қаржы құяды. Ақпараттық соғысқа радиоэлектронды, кибер және психологиялық соғыстар жатады. Әрі болашақ бұл соғыс басқа әскери іс әрекеттердің негізгі элементіне айналмақ.