Адамдар сезімге тиетін тақырыптарды жақсы көреді. Біз олардың қаншалықты шынайы екендігін тексеріп жатпастан, бөлісуге құмартамыз. Фейк әлеуметтік желіге таралса болды, жарықтың жылдамдығынан да тез тарала бастайды. Бұл туралы minber.kz сайтына сілтеме жасаған 4tagan.kz жазады.
Фейк тарататын ақпарат құралдарының бір ғана көздегені болады, ақша жасау. Бұл сайттар шынайы ақпарат көзі секілді көрінуі мүмкін. Алайда олардың контенті негізінен кликбейт пен пропагандадан тұрады. Әлеуметтік желідегі боттар бұл сайттардың ақпаратын таратуға көмектеседі. Фейкті жасаушылар саясатпен айналысуды қаламайтын шығар, десе де бүгінгі фейк негізінен саяси климатты қыздыра түсуде. Ақпаратты өзгелермен бөліспес бұрын, міндетті түрде тексер.
Шындықты құрметтемейтін ақпарат құралдары сіздің жеке басыңызды да құрметтемейді. Ондай сайттар сіздің кредит картыңыз туралы ақпаратты, басқа жеке бас мәліметіңізді ұрлаудан ұялмайды. Ол сайттардың бетіндегі жарнама материалдардың артында жасырын кодтар болуы мүмкін. Бұл кодтар сіздің компьютеріңізді бұзады. Сол себептен ол жарнамалардан аса сақ болғаныңыз жөн.