Заң бойынша жалған ақпарат үшін айыппұл салынады. Осыған байланысты Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодекске «456-2» деген жаңа бап енгізілген болатын. Онда онлайн платформа пайдаланушылары мен блогерлерге жалған ақпарат таратқаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Әкімшілік айыппұл сомасы жеке тұлғалар үшін 20 айлық есептік көрсеткіш, яғни 69 000 теңге. Кәсіпкерлік қызметпен айналысатын блогерлер үшін – 30 айлық есептік көрсеткіш немесе 103 500 теңге, шағын кәсіпкерлік субъектілері, коммерциялық емес ұйымдар үшін – 40 айлық есептік көрсеткішке 138 000 теңге. Ал, орта кәсіпкерлік субъектілері – 80 (276 000 теңге), ірі кәсіпкерлік субъектілері – 100 айлық есептік көрсеткіш (345 000 теңге) төлейтін болады.
Егер, құқықбұзушылық бір жылда қайталанса, айыппұлдың көлемі екі есеге өседі. Тіпті, қамауға алу жазасы да қолданылуы мүмкін. Атап айтсақ, жеке тұлғаларға – 40 айлық есептік көрсеткіш (138 000 теңге) немесе 10 тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамауға алу, блогерлерге – 15 айлық есептік көрсеткіш (51 750 теңге) мөлшерінде айыппұл немесе 15 тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамауға алу, шағын кәсіпкерлік субъектілері мен коммерциялық емес ұйымдарға – 60 айлық есептік көрсеткіш (207 000 теңге). Орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 120 (414 000 теңге), ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 250 айлық есептік көрсеткіш (862 500 теңге).
Ақпарат жарысында шынайы ақпарат пен өтірік ақпарат әрдайым «жарысады» десек болады. Жалған ақпарат тез тарайды. Ал, шынайы ақпарат кешігіп жарияланады. Себебі, өтірік айтып, оны тарату оңай. Ал, шындықты тарату үшін оны зерттеу керек, зерделеу керек, факт жинау керек, эксперттердің ойын толықтыру керек. Қорыта айтқанда, жалған ақпараттың таралуына ең үлкен себептің бірі – шынайы ақпараттың мезгілінде жарияланбауы. Ғ.МАРАЛТАЙҚЫЗЫ