Бүгіндері елдің зәре-құтын қашырып, «бір жерде жарылғыш зат қойылған, сақтаныңыздар!» деп заң орындарына беттері бүлк етпей хабарласатын алаяқтар көбейіп кетті. Араққа сылқия тойып алып масаң күйде хабарлайтындар да бар. Әсіресе сауда үйлерінде, мектепте, теміржол, әуежай вокзалдарында бомба қойылғаны туралы жалған ақпарат берушілер қатары азаймай тұр. Бала-шаға мен үлкендерді үрейлендіріп, содан рахаттанатындар ақылы кемшін жанның ісін істеуде. Әйтеуір күнде бір жан шошырлық ақпаратты естисің. Полицейлер жалған ақпарат таратқан тұлғаны анықтап, тиісті жұмыстар жүргізеді, деп жазады qazdauiri.kz сілтеме жасаған 4tagan.kz.
«Жарылғыш зат қойылғандығы туралы жалған ақпарат тарату – жай ғана бұзақылық емес, қылмыстық жауапқа тартылатын әрекет» делінген заң орындарында. Олардың айтуынша, телефонмен өтірік мәлімет беретіндер жазасының қаншалықты ауыр екенін екшеп жатпайды екен. Мұндай жандар көбіне еріккеннің ермегі ретінде әзілдеп көңіл көтеру немесе масаң күйде жасайды. Ішкі істер министрілігінің өкілі таратқан мәліметтерге сүйенсек, былтыр ашылған 19 қылмыстың 15-ін жұмыссыз жандар жасаған екен.
Көрінеу жалған ақпарат тарату
Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексi 274-бапта қысқаша айтсақ былай келтірілген екен:
4. Осы баптың бірінші, екінші немесе үшінші бөліктерінде көзделген:
1) қылмыстық топ жасаған;
2) төтенше жағдай кезінде немесе ұрыс жағдайында немесе соғыс уақытында не жария іс-шаралар өткізу кезінде жасалған іс-әрекеттер – 3 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады екен.
Ескерту. 274-бапқа өзгеріс енгізілді – Қазақстан Республикасы 12.07.2018 № 180-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.