Жала жабу қылмыс деп танылмайды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің екінші отырысында Қылмыстық кодекстің 130-бабы – «жала жабуды» қылмыс деп танымай, Әкімшілік кодекске ауыстыру туралы шешім қабылдады. 130-бап. Жала жабу. Жала жабу, яғни басқа адамның абыройы мен қадiр-қасиетiне нұқсан келтiретiн немесе оның беделiн түсiретiн көрiнеу жалған мәлiметтер таратқаны үшін – 1000 АЕК (3 692 000 теңге) дейiнгi мөлшерде айыппұл салу; түзеу жұмыстарына не бір жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады. Көпшiлiк алдында, БАҚ, телекоммуникациялар желілерін пайдалана отырып жасалған дәл сол іс-әрекет үшін – 2000 АЕК (7 384 000 теңге) дейiнгi мөлшерде айыппұл салу; түзеу жұмыстарына не екi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады. 2011 жылы Ресей билігі де «жала жабуды» қылмыс деп танымай, әкімшілік құқықбұзушылыққа жатқызған болатын. Алайда біршама уақыт өткен соң түзетулер енгізіліп, ол Қылмыстық кодекске қайтарылды. Қазір Ресейде «жала жабу» бойынша бас бостандығынан шектеу не айыру санкциялары қолданылмаса да айыппұл көлемі арттырылған. «Соңғы он жыл бойы медиа қоғамдастық «жала жабуды» қылмыс деп танымауға күш жұмсады. Бұл бір күннің, бір адамның не ұйымның ғана еңбегі емес, журналистер, құқық қорғаушылар мен медиа сарапшылар қатысқан өте ұзақ процесс. Халықаралық қоғамдастықтың Қазақстан туралы ескертпелері де әсер етті», дейді «Құқықтық медиа орталық» қоғамдық ұйымының заңгері Гүлмира Біржанова. «Иә, бұл қылмыстық жауапкершілік емес. Сонда да қомақты айыппұлдар мен қосымша шектеулер болуы мүмкін. Әкімшілік кодекске ауыстыратыны бізді қуантса да таяқтың екі ұшы бар екенін ұмытпау керек. Іс қозғап, әкімшілік өндірісте жауапкершілікке тарту жеңілірек. Осы бапқа қатысты әкімшілік айыппұлдардың көлемі қандай болады деген сауал туып отыр», дейді заңгер. Фейк таратушылардың қателігі Көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін жауапкершілікке тартылмас үшін азаматтарға жалған ақпарат таратудан сақтануы керек. Заңгер Болатбек Ержанның сөзінше, ақпараттың БАҚ-та, әлеуметтік желілерде таралуы шарт емес. Ол мессенджерлердегі шағын топта жарияланса да қылмыс саналатынын айтады.
Ж.БАҚЫТБЕКҰЛЫ