Түсіндіру жұмысының түпкі мәні зор. Себебі халықтың құқықтық мәдениеті жоғары болған сайын құқықтық нормалардың сақталуы мен мүлтіксіз орындалуы, іске асырылу деңгейі де жоғары болады. Заңның үстемдігі орнаған елде құқықтық талаптарды міндетті түрде мүлтіксіз орындау қажеттілігі туады. Егер құқықтық нигилизм жайласа, азаматтардың құқығы аяққа тапталып, ар-ожданы, қадір-қасиетіне қайшы келетін іс-әрекеттің артуына алып келеді. Түптеп келгенде, тәуелсіздік, мемлекеттік тұтастық идеяларын мойындамайтын сепаратистік көзқарастың да бой көрсетуіне түрткі болады. Тұлғаның жауапкершілігін арттыруды көздейтін кез келген мемлекет халықты тәртіпке үйретіп, еңбексүйгіштікке баулу үшін алдымен азаматтардың құқықтық білім беруіне көңіл бөледі. Өйткені заң үстемдігін қалыптастыру халықтың құқықтық мәдениетін дамытумен қатар жүретін процесс.
Бүгінде мемлекет жүргізіліп жатқан құқықтық түсіндіру жұмыстарына, сондай-ақ оны жаңа сапалық деңгейге көтеру үшін нормативтік-құқықтық актілерге ерекше назар аударып келеді. Мәселен, құқық қорғау органдары қызметінің стратегиялық бағыттарының бірі азаматтардың құқықтық сауатын арттыру, құқықтық үгіт-насихат көлемін және сапасын арттыру болып отыр.
Егемен елдің дамуында азаматтардың құқықтық санасы мен құқықтық мәдениетін дамытудың маңыздылығы осында болса керек. Мысалы, халық мүддесіне қатысты заң нормалары адамдардың санасы мен еркіне сүйеніп дайындалады. Сондықтан заң нормаларында белгіленген талаптарда адамдардың саналы әрі ерікті іс-әрекеттері нәтижесінде орындалады.
Кез келген ақпаратты оқып, ой елегінен өткізетін адамдардың көбі мәліметтің рас-өтірігін ажырата алмай жататыны жасырын емес. Әсіресе, апатты және төтенше жағдайлар уағында, саяси оқиғалар кезінде әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде жалған хабарламалар лезде көптеп тарайды.