Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы ел экономикасының жаңа қозғаушы күші екенін айтып, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді жан-жақты қолдаудың маңыздылығын атап өткен болатын. Осы мақсатта елімізде «Ауыл аманаты» жобасы қолға алынып, өңірлерде пилоттық жоба ретінде жүзеге асып келеді.
«Ауыл аманаты» жобасының мақсаты — ауыл халқының табысын арттыру, тұрғындардың әл-ауқатын жақсарту, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді жан-жақты қолдау, аграрлық бизнесті ілгерілету мәселелерін шешуге бағытталған. Ең бастысы, кез-келген ауыл тұрғынына қолжетімді етіп, жобаларды шағын инвестициялармен жүзеге асыруға мүмкіндік беруге қол жеткізу. Осындай жобалар арқылы ауыл халқының табысын арттыру болып отыр.
Осы орайда, Ордабасы ауданына қарасты Шұбар ауыл округінің тұрғыны Серік Мұратбек «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 2,5 пайыздық несие алып өз кәсібін ашқан. «Серік» атты жеке тігін цехын ашқан азамат керекті құрал-жабдықтарын алып, өз үйінде тапсырыс қабылдап кәсібін дөңгелетуде. Тігіншілікті отбасылық кәсіпке айналдырған шеберлер құрақ көрпе, жасау, қыз жасауы секілді бұйымдарды дайындайды.
Айта кетейік, «Ауыл аманаты» жобасы аясында пилоттық жобаға қатысқан Ордабасы ауданы, Шұбар ауыл округі бойынша қазіргі уақытта 92 азамат несие алуға ниет білдірген. Оның ішінде облыстық «Ырыс» микроқаржы ұйымына 76 азамат несие алуға өтінім жолдаған. Бүгінгі күнге 60 азаматтың жобалары облыстық комиссия қарауынан өтіп, мақұлданған.
Сонымен бірге, мемлекеттік бағдарлама аясында кәсібін дөңгелетуге ниеттенген жанның бірі — кентаулық көпбалалы ана Ажар Қалдыбаева. Кәсіпкер мемлекеттен 8,5 млн теңге несие алып, тігін шеберхасын ашқан. Қаржысына арнайы техникалар мен қажетті құрылғыларды сатып алған.
Көпбалалы ана 15 жылдан бері үйінде тапсырыс қабылдап, көрпе-жастықты қолмен тігіп келген. Бүгінде шеберханаға мақта түтетін, көктейтін және көрпені 320 түрлі үлгіде тігіп шығаратын құрылғы алған. Қажетті техникалар арқылы уақытын тиімді пайдаланатын кәсіп иесі, енді тапсырыстың да саны артатынына сенімді. Отбасылық кәсіпке айналған шағын цехта үш адам жұмыс істейді.