Өткен жыл облысымыз үшін табысты жыл болды. Түркістанды түлету, облыстың экономикалық әлеуетін арттыру жөніндегі жұмыстар толассыз жүргізілді. Осы орайда, өткен жылы облыстық мәслихатта атқарылған жұмыстарды қорытындылап, алдағы жоспарларды айқындап алудың сәті келіп отыр.
Мәслихат – халық сайлайтын, халықтың ойын еркін білдіретін жергілікті өкілді орган. Бүгінде елдiң алдында тұрған экономикалық және әлеуметтiк мiндеттердi орындауға ықпал етуде мәслихаттар маңызды рөл атқарады.
Өздеріңіз білесіздер, өткен жылдың сәуір айынан бастап жаңа сегізінші шақырылымдағы мәслихаттар жұмысына кіріскен болатын. Облыстық мәслихатқа 46 депутат сайланды, 3 тұрақты комиссия құрылып, олардың төрағалары бекітілді.
Жалпы, мәслихаттардың әлеуметтік кепілдіктерді сақтауға, халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған шешімдер қабылдау тұрғысынан еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосар үлесі өте зор. Өткен жылы облыстық мәслихаттың 8 сессиясы өткізіліп, түрлі салаларға қатысты маңызды мәселелерді реттейтін 115 шешім қабылданды, оның ішінде 29 шешім (нормативтік-құқықтық акт) облыстық әділет департаментінде мемлекеттік тіркеуден өтті. Қабылданған әрбір шешім алдын-ала міндетті түрде мәслихаттың тиісті тұрақты комиссияларында егжей-тегжейлі пысықталып, содан соң сессияларда талқыланды. Атап айтқанда, 2023 жылы бюджет, экономика және ауыл шаруашылығы мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның 10 отырысы өткізіліп, 38 мәселе қаралса, әлеуметтік-мәдени даму, мемлекеттік-құқық, жергілікті өзін-өзі басқару және депутаттық этика мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның 10 отырысы өткізіліп, 91 мәселе қаралды. Сол сияқты кәсіпкерлік, құрылыс, инфрақұрылымды дамыту, жер қатынастары және табиғатты пайдалану мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның
8 отырысы өткізіліп, 44 мәселе қаралды.
Сессияларда облыстық бюджетке өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, тиісті жылдың облыстық бюджеті 4 рет нақтыланды. Депутаттардың белсенділігін арттыру мақсатында регламентке өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. 14 мемлекеттік мекеменің есептері тыңдалды. Есебі тыңдалған мекемелердің жұмыстарын зерделеу үшін алдын-ала арнайы уақытша депутаттық топтар құрылды. Солардың бірқатарына тоқталып өтсек, депутаттық топтар өткен жылдың 23-31 мамыр аралығында өңіріміздің барлық аудан, қалаларындағы спорт нысандарының, 14-28 тамыз аралығында барлық аудан, қалалардағы білім саласы мекемелерінің жағдайларымен танысып, жұмыстарына зерделеу жүргізді. Нәтижесінде бірқатар кемшіліктер анықталды. Осыған орай облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы мен білім басқармасының жұмыстарына қанағаттанарлықсыз деген баға берілді және тиісті ұсыныстар жолданды.
Одан бөлек, облыстағы уран өндіруге бөлінген жер учаскелері, экологиялық жағдай және кәсіпорындардың әлеуметтік-экономикалық дамуға төлемдері туралы мәселелерді қарадық. Арнайы құрылған уақытша депутаттық топ «КазАтомПром Сауран» компаниясына іссапармен барды. Зерделеу жұмыстары кезінде 10-15 жылдан бері уран өндіретін компаниялар өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына біржолғы төлемді ең төменгі шекте төлейтіндігі анықталды.
Депутаттар облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасына ҚР Энергетика министрлігімен бірлесе отырып, министрлік пен уран өндіретін мекемелер арасында жасалған келісім-шарттарды қайта қарап, әлеуметтік-экономикалық дамуға төленетін төлемдерді инвестиция көлемінен 2 пайызға ұлғайтуды ұсынды. Нәтижесінде «КазАтомПром Сауран» компаниясы келісім-шартты өзгертіп, төлемді инвестиция көлемінен 2 пайызға көтерді. Қалған компаниялармен де жұмыстар жүргізілуде.
Сондай-ақ, депутаттар сессияларда саяси маңызды мәселелерді де қарап, тиісті шешімдер қабылдады. Солардың ең маңыздысы, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қазақстандықтарға арнаған Жолдауларында берген тапсырмаларына сәйкес, облыстық мәслихат 2023 жылы пилоттық режимде әкімдердің тікелей сайлауы өтетін аудан, қалалар тізбесін және сайлау күнін белгілеп, шешімдер қабылдады. Шешімдерге сәйкес, 2023 жылғы 5 қараша күні Мақтаарал, Шардара, Бәйдібек және Созақ аудандарында әкімдер сайланды.
Одан бөлек, «Қазақстан Республикасындағы Сайлау туралы» конституциялық Заңға сәйкес саяси партиялардың ұсыныстары негізінде аумақтық сайлау комиссиясының 7 мүшесі сайланды. Жаңа құрам жыл басынан жұмысын бастап, төрағасы мен оның орынбасарын, хатшысын бекітті.
Сонымен қатар, облыстық тексеру комиссиясының ұсынысымен тексеру комиссиясының мүшесі ретінде Н.Тағаевты, ҚР Президенті Әкімшілігінің келісімі негізінде Қазақстан Республикасы Жоғары аудиторлық палатасының ұсынысымен Түркістан облыстық тексеру комиссиясының төрағасы лауазымына Ғ.Тәпеевті тағайындау туралы шешімдер қабылданды.
Есепті кезеңде депутаттар халықты толғандыратын проблемаларды шешу үшін жергілікті атқарушы органдарға 361 депутаттық сауал жолдады. Оның 231-і немесе 63%-ы қанағаттандырылып, орындалған. Қалған 130-ы орындалу үстінде немесе заңнама талаптарына сәйкес түсініктемелер берілген.
«AMANAT» партиясының қоғамдық қабылдау бөлмесінде депутаттар 1400-ге жуық қоғамдық қабылдау өткізіп, 5000-ға жуық азаматты қабылдады. Қабылдауларда көтерілген мәселелер бойынша құзыретті органдарға шаралар қабылдау үшін тиісті ұсыныстар жолданды.
Облыстық мәслихат аппараты қызметінің маңызды бағытының бірі – азаматтардың өтініштерімен жұмыс істеу. Есепті кезеңде жеке және заңды тұлғалардан барлығы 148 өтініш түскен, оның 121-і жеке тұлғалардан, 27-і заңды тұлғалардан. Барлық келіп түскен арыз-шағымдар бойынша қолданыстағы заңнама шеңберінде жұмыстар жүргізіліп, өтініш иелеріне мерзімінде жауап берілді. Сонымен қатар, 2023 жылы облыстық мәслихат аппаратының кеңсесіне 1425 құжат келіп түсті. Келіп түскен кіріс хат-хабарларды қабылдау, талдау, жүзеге асыру жұмыстары жүргізіліп, мәслихат құзыретіне кіретін мәселелер бойынша 1334 шығыс хат-хабарлар жолданды.
Баршаңызға мәлім, халықтың ұсыныс- тілектері бойынша қоғамдағы өзекті мәселелерді шешуде мәслихаттардың орны ерекше. Осы орайда, есепті кезеңде тұрғындарды толғандыратын мәселелер бойынша облыстық мәслихат қабырғасында 13 жиын өткізіліп, тиісті органдарға 24 хаттамалық ұсыныстар берілді. Бүгінде ол ұсыныстардың 15-і орындалып, 9-ы бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Одан бөлек, депутаттармен бірге медиаорталықты, облыстық клиникалық аурухананы, Түркістан жоғары медицина колледжін, «Тұран-Cу» мекемесін, облыстық жедел медициналық жәрдем стансасын аралап, ол мекемелердің тыныс-тіршілігімен таныстық және проблемаларын тыңдадық. Қазығұрт және Ордабасы аудандық ауруханалары, Кентау қалалық орталық ауруханасы мен №1 облыстық перинаталдық орталығының күрделі жөндеу жұмыстары 2022 жылғы желтоқсанда аяқталуы тиіс еді. Сол жұмыстардың ертерек аяқталуына ықпал еттік. Жедел-жәрдем стансасын аралау кезінде медициналық аппараттардың жетіспеушілігін көріп, депутат М.Тұрысбеков құны 55 млн. теңгеге өкпені жасанды желдету аппаратының 5 данасын сыйға тартты. Сонымен қатар, «Тұран-Су» мекемесіне баратын жолға асфальт төсеу жұмыстарын жүргізуге бюджеттен тиісті қаражат қаралды. Одан бөлек, депутаттар облыстық клиникалық ауруханасының эндокринология бөлімшесі қызметімен танысып, медицина саласы қызметкерлерімен пікір алмасты. Дәрігерлер эндокриндік сырқатпен ауыратын адамдар саны жыл сайын шамамен 8 пайызға өсіп жатқандығын, соның салдарынан пациенттерді стационарға жоспарлы жатқызу, емханаға тексерілу және кеңес алу ұзақ уақыт алатындығын жеткізіп, эндокринология бөлімшесін бөлек диспансер ретінде құруға ықпал етуді сұрады. Осы мәселе бойынша біз облыс әкіміне ұсыныс енгіздік. Қазіргі таңда бұл мәселелер бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде.
Сондай-ақ, өткен жылы желтоқсанда бір топ депутат Кентау қаласындағы жылумен қамтамасыз ету жұмыстарымен танысты. Қаланың тұрғын үйлерін, мектептер мен емханаларды аралап, жергілікті халықпен тілдесті. Тұрғындардың проблемаларын назарға алып, қаладағы жылудың уақтылы және тұрақты берілуін бақылауға алдық. Жалпы, осындай аралау кезінде анықталған проблемалардың шешілуіне депутаттар барынша атсалысып келеді. Алдағы уақытта да бұл жұмыстар жалғасын табатын болады.
Өздеріңіз білетіндей, Түркістан облысы – мақтаны көп мөлшерде өндіретін еліміздегі жалғыз өңір. Сондықтан мақта жиын-терімі өңіріміздегі ең маңызды науқандардың бірі. Осыған орай, облыс әкімі Д.Сатыбалдының бастамасымен Жетісай, Мақтаарал, Шардара аудандары бойынша 3 жұмыс тобы құрылды. Өзім Шардара ауданындағы жұмыс тобына жетекшілік еттім. Жұмыс тобымен мақта егетін 8 ауылдық округтегі 40 мақта қабылдау пункттерін бірнеше рет аралап, шаруалармен әңгімелестік. Аралау кезінде диқандар мен шаруаларға мақталарын тиімді бағада өткізуге қолдау көрсетіп, шаруаларды мазалайтын мәселелердің оңынан шешілуіне атсалыстық.
Түркістан облыстық мәслихаты қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету және маңызды мәселелер бойынша қабылданған шешімдермен халықты ақпараттандыру мақсатында есепті кезеңде өткен барлық 8 сессияның онлайн-көрсетілімдері «Youtube» платформасында көрсетілді.
Міне, өткен жылы осындай біршама жұмыстар атқарылды. Алдымызда атқарылатын жұмыстар мен жоспарлар бұдан да көп. Соның бірі – депутаттардың белсенділігін арттыру мақсатында осы жылғы ақпан айына халық қалаулыларының аудан, қалаларда есеп беру кестесін әзірлеп, бекіттік. Бұл кесте Заңға сәйкес дайындалды. Мұндай кездесулер тұңғыш рет қолға алынғалы отыр, бұл алдағы уақытта тұрақты түрде өтетін болады. Сонымен қатар, 19 мемлекеттік мекеменің есебін тыңдау, аудан, қалалардағы өзекті мәселелер бойынша жұмыстар жүргізу жоспарланған. Одан бөлек, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Өкілді билікті одан әрі цифрландыруды қамтамасыз ету» бойынша берген тапсырмасына сәйкес мәслихат сессияларында дауыс беру процесін электрондық нысанда жүргізу бойынша мәжіліс залын қайта жабдықтау жұмыстары жүргізілуде.
Жалпы, жоспар бойынша барлық жұмыстар кезең-кезеңімен жүргізіледі. Алдағы уақытта да депутаттар өңір халқының қолайлы ортада өмір сүруі үшін қоғамдағы өзекті мәселелерді шешу жолындағы жұмыстарын жалғастыра бермек. Себебі, бізге сенім білдірген халық алдында үлкен жауапкершілік бар екендігін жақсы сезінеміз. Сондықтан өңір тұрғындарының әлеуметтік маңызы бар мәселелерін шешуге барынша атсалысып, облыс әкімдігімен ынтымақтаса жұмыс істей береміз.
Н.ӘБІШОВ,
Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы.