Келес ауданына қарасты Ақтөбе ауылдық округінің Жаңадәуір және Ынтымақ елді мекендерін жалғайтын көпірдің құрылысы аяқталуға таяу қалды. Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев аталған құрылыс нысанының басына барып, құрылыс жұмыстарының барысын бақылады. Мердігермен тілдесіп, құрылыс нысанының сапасына мән беруді тапсырды.
— Ақтөбе ауылдық округі ауданымыздағы ең ірі өңірлердің бірі болып табылады. Мұнда 14 ауылда 25 мыңнан аса халық тұрады. Ал бұл көпірдің мәселесі өте өзекті болатын. Себебі ескі көпірдің аумағы тар әрі ескірген еді. Елдің талап, тілегінің арқасында жүріп жатқан құрылыс насанының сапаы талапқа сай болуы тиіс. Сонымен қатар көпір аумағына түнгі жарық шамдарын орнатуды қолға алыңыздар, — деді аудан басшысы.
Айта кетейік, Келес ауданындағы облыстық маңызы бар КХ-21 «Қошқарата-Бесқұбыр-Жамбыл-Жүзімдік-Жаңадәуір-А15» автомобиль жолының 39+900 шақырымындағы көпірдің ені 4,5 метрді құрайды. Ескі көпірдің жағалаулары шайылып, қауіпті жағдайға жеткен болатын. Түркістан облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының тапсырысымен күре жолдың бойындағы көпірді күрделі жөндеуден өткізуге мердігер мекеме «Корпорация Береке А» ЖШС анықталып, құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Нысанның жобалау-сметалық құжаттамасына сәйкес күрделі жөндеуден өткізілетін көпірдің ұзындығы 54 метр, ені 14 метрге жеткізілетін болады.