Бүгін Ордабасы ауданының әкімі Азат Оралбаевтың төрағалығымен апталық аппараттық мәжіліс өтті. Мәжілістің күн тәртібінде өткен жылғы көгалдандыру бойынша атқарылған жұмыстардың өнімділігі және 2024 жылғы жоспар, аудан аумағындағы қоғамдық саяси ахуал, ауылшаруашылық бағытындағы ағын су арналарының бүгінгі жай-күйі, осы жылЫ атқарылатын жұмыстар жөнінде кеңінен талқыланды.
Әуелі аудандық Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Арман Искаков биыл аудан аумағына отырғызылатын ағаш көшеттерінің жоспары бойынша баяндады.
«Биыл көктем мезгіліне облыстық Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының Бадам орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесінен 23 150 дана ағаш көшеттері босатылып берілген. Аталған көшеттер 10 ауылдық округі әкімдіктері мен «Темірлан абаттандыру» мекемесіне үлестіріліп, арнайы белгіленген орындарға егілетін болады», деді өз баяндамасында салалық бөлім жауаптысы.
Аудан басшысы округ әкімдері, жауапты мекеме басшыларына көктемгі науқанға осы бастан дайындықты күшейтіп, сапалы ағаш көшеттерін алдырып, суғару көздері, қоршау жұмыстарын жүйелі түрде жүргізуді, жасылдандыру бағытында берілген жоспармен ғана шектеліп қалмай, отырғызылатын көшет санын көбейтуді де тапсырды.
Аудандық Ішкі саясат бөлімінің басшысы Әділ Ысқақ аудан аумағындағы қоғамдық саяси ахуалға кері әсер еретін мәселерге тоқталып, 2 ыстық нүкте, 12 ыстық нүктеге айналу ықтималдығы жоғары мәселелер, 1 халықтың жаппай наразылығын тудыратын мәселер бойынша зерделеу жұмыстарын ортаға салды. Сонымен қатар, аталған өзекті мәселелердің оңды шешім табуына жауапты бөлімдер тарапынан алдын алу шаралары бойынша жұмыс жүргізіліп жатқандығын жеткізді.
Аудан әкімі салалық бөлім басшысына атап өткен мәселелер бойынша кездесулер ұйымдастырып, қордаланған проблемаларды дер кезінде шешуді жүктеді.
Аппараттық мәжілісте аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Берік Алтынбеков коммуналдық меншіктегі каналдардың қазіргі жай-күйі туралы ақпарат беріп, биылғы жоспарымен бөлісті.
Бөлім басшысының хабарлауынша каналдарды ағымдағы және механикалық тазалау бойынша «Құртай» каналының 1500 м, «Қазыналық» каналының 350 м тазаланса, «Найман» каналын бетондау жұмыстары жүргізілген. Жалпы аудандағы 90 каналдың жалпы ұзындығы 840 шақырымды құрап, 33 542 гектар суармалы жерді суаруға қауқарлы.
Аудан әкімі жуырда әкімдік тарапынан каналдарды тазалауға алынған 2 техниканы кесте бойынша аудандағы су арналарын тазалау жұмыстарына жұмылдыруды, көктем, жазғы диқаншылық кезінде ағын судың шаруаларға іркіліссіз жетуін қамтамасыз етуді міндеттеді.
Аудан әкімі Азат Әбдіғалиұлы мәжілісте «Ауыл аманаты» бағдарламасы, кіріс көздерін арттыру бойынша да жауапты мекеме басшыларының қысқаша есебін тыңдап, тиісті тапсырмалар берді.