“Тапсырмалар мерзімінде әрі сапалы орындалуы қажет”, деді апталық мәжілісте Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров.
Сауран ауданы әкімі аппаратының мәжіліс залында аудан әкімі Мақсат Таңғатаровтың төрағалығымен ауданның апталық мәжілісі болып өтті. Мәжіліске аудан әкімінің орынбасарлары, дербес бөлім басшылары, ауылдық округ әкімдері және тиісті сала басшылары қатысты.
Мәжілістің күн тәртібінде 4 мәселе қаралды. Онда ауданда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды өзектендіру бағытында атқарылған жұмыстары туралы аудандық емхананың бас дәрігері Бақыт Стамқұлов, жер қатынастары саласындағы түсім көздерін ұлғайту мақсатында атқарылған жұмыстар туралы жер қатынастары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Асыл Патсаев баяндама жасады. Сонымен қатар, 2024 жылға мемлекеттік сатып алу конкурстары туралы экономика және қаржы бөлімінің басшысы Ильяс Мырзахметов, аудан бойынша жастарды микрокредитпен қамтудың барысы бойынша жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Дәуірхан Асылбек хабарлама жасады.
Аудандық емхананың бас дәрігері Бақыт Стамқұловтың мәлімдеуінше Түркістан облысы әкімдігі арасындағы 2022-2024 жылдарға арналған тұрғындардың денсаулық жағдайын жақсарту жөніндегі меморандумға сәйкес, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі сақтандырылмаған азаматтардың үлесін 2023 жылға 85 пайызға жеткізу жоспары бойынша облыс әкімінің хаттамалық тапсырмасы берілген.
2024 жылдың қаңтар айында 20468 сақтандырылмаған тұрғындар тізімі жолданған. Оның ішінде 13281 тұрғын аудандық емхананың бекітілген халық тіркеліміне тіркелген деп көрсетілген. 2023 жылдың желтоқсан айында 21179 (20,7 пайыз) сақтандырылмаған тұрғындар 79,3 пайыз болса, 2024 жылдың қаңтар айында 20468 (20,1 пайыз) сақтандырылмаған тұрғындар 79,1 пайызды құраған. Осы мәліміттерді айта келе, баяндамашы осы бағытта жұмыстарды өз деңгейінде бірлесе отырып, жүргізуді ұсынды.
Бұдан соң жер қатынастары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Асыл Патсаев жер қатынастары саласындағы түсім көздерін ұлғайту мақсатында атқарылған жұмыстар туралы хабарлап өтті. 2023 жылы аудандағы жер қатынастары саласынан 303-101 кодына түсетін түсімдер бойынша жалпы қойылған жоспар 200141 млн. теңге болса, орындалғаны 288474 млн теңгені құраған. Ауылдық округтердегі елді мекен ішіндегі жер учаскелерінің іргелес аумағындағы шектік мөлшерден артық жерін сатып алудан түсетін түсім 200 млн. теңге бюджетке қаржы көзін түсіру жоспарланғанын жеткізді.
Келесі күн тәртібіндегі мәселе бойынша жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Дәуірхан Асылбек жастарға жеңілдетілген неселендіру бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Кәсіпкерлікпен айналысатын 21 жастан 35 жасқа дейінгі жастар үшін конкурстық негізде минкрокредит беру көзделген. Микрокредиттер «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы берілетін болады. Жылдық мөлшерлемесі 2,5 пайыздан аспайды. Қарыздың ең жоғары соммасы 5 млн. теңгеге дейін және ол үшін кепілдің болуы міндетті екенін атап өтті. Бүгінгі таңға бекітілген жоспарға сәйкес, жұмыстар өз деңгейінде атқарылып жатқанын мәлім етті.
Мәжілісті қорытындылыған аудан әкімі Мақсат Таңғатаров күн тәртібіндегі қаралған мәселелер бойынша тиісті бөлімдер мен ауылдық округ әкімдеріне нақты тапсырмалар беріп, орындалуы бойынша жұмысты жандандыруды нақтылады.