2023 жылы Түркістан қаласындағы туризм саласында бірқатар оңды өзгерістер болды.
Жыл көрсеткіші бойынша, өткен жылы рухани шаһарға келуші шет елдік туристтер саны — 71,8 пайызға (2022 жылы- 7,1 мың, 2023 жылы- 12,2 мың турист) артқан. Ал, өз елімізден келуші зияратшылар саны — 1015,2 мыңды құраған.
Қазіргі таңда, туризм астанасында
қонақ үй бизнесі қарқында даму үстінде.
Қонақ үй салатын инвесторларды тиімді қолдаудың нәтижесінде шаһарда орналастыру орындарының (қонақ үй, хостел және т.б.) саны 59-ға жетіп, 2022 жылмен салыстырғанда (2022 ж. – 57 орналастыру орны) 3,4%-ға өскен.
Сонымен қатар, номер саны – 1240 бірлікті құрап, тиісті кезеңмен салыстырғанда (2022 жылы– 1191 номер) 3,9%-ға, төсек-орын саны – 2671 бірлікті құрап, (2022 жылы – 2467 төсек-орын) 7,6%-ға көбейді.
Туризмді дамыту үшін қонақ үй индустриясында қызмет көрсету сапасы да өте маңызды рөл атқарады. Көрсеткіштерге сүйенсек, шаһарда жоғары санатты қонақ үйлердің саны – 17 бірлікті, орта санатты қонақ үйлер – 15 бірлікті, орналастыру орындарының саны – 25 бірлікті құрайды. Биыл аталған қонақ үй қатары тағы- 4 нысанмен толығады.
Жалпы орталықта Қазақстан Республикасы «Туристік қызмет туралы» заңы аясында бизнес нысандарын ынталандыру шаралары жасалуда. Оның ішінде қаламыздың туризм саласындағы кәсіпкерлерімізге қонақ үйлерді, хостелдерді, кэмпингтерді және басқа да нысандарды салу кезінде мемлекет инвестициялық шығындардың 10%-ын өтеуде.
Балалардың ұшақпен тегін ұшуын субсидиялайтын «Kids Go Free» бағдарламасына Kazakh Tourism әкімшілік етіп, тиісті жұмыстар жүргізілуде. Шетелден қонақ тартқан туроператорларды ынталандыру, бір саяхатшы үшін 15 мың теңге көлемінде қолдау қаржысы бөлініп, саланы цифрландыру жұмыстары да қолға алынған.
Сондай-ақ, Түркістан қаласы Түркі әлемінің 2024 жылғы туризм астанасы атануына байланысты 40-тан астам ірі іс-шаралар жоспары жүзеге асырылады.