Төлеби ауданында жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыруға арналған мемлекеттік гранттарды алушылар қатары артып келеді. Сүйікті кәсібін табыс көзіне айналдырып, өзін ғана емес, отбасын да асырап, қосымша жұмыс орнын ашқан азаматтарға аудан әкімдігі тарапынан қолдаулар көрсетілуде.
2023 жылы бизнес әлеуетін іске асыруға, өндірісті жолға қоюға және дамытуға, сол арқылы өзін тұрақты табыспен қамтуды көздеген 90 азамат грант иегері атанды. Грант сомасы – 400 АЕК, яғни 1 млн. 380 мың теңге.
Грантқа ие болған кондитерлік өнім дайындауды кәсіп еткен киелітастық Феруза Басуова. Бүгінде бақша өнімдерінен арнайы қақ (пастила) жасауда. Кәсіпкер ерекше кәсібіне сұраныс бар екенін, өнімін бақшадағы жемістерден арнайы дайындайтынын, оның сапасы мен дәмін талапқа сай дамытып отырғанын айтты.
Күніне 10 келіден астам арнайы қақ пастилаларын дайындап, аудан аумағындағы, Шымкент қаласындағы сауда орындарына жеткізіп береді.
Шығарылған өнім еш қоспасыз, жас пен кәрінің денсаулығына тигізер пайдасы мол екенін атап өткен кәсіпкер пастила дайындау технологиясын әлі де жетілдіріп жатқанын жеткізді.