Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының жеке қабылдауына жазылған түркістандық азаматтар түрлі мәселені ортаға салып, көкейде жүрген сауалдарына жауап алды. Өңір басшысы еркін форматтағы ашық есік күндерін тұрақты түрде өткізіп келеді. Тұрғындар көтерген өзекті мәселелердің басым бөлігі бүгінде жүзеге асуда.
Түркістан қаласында өткен бірыңғай қабылдауға келген азаматтардың дені инфрақұрылым, әлеуметтік және тұрмыстық мәселелерді көтерді. Соның ішінде қабылдауға жазылған тұрғын мектепке әкесінің атын беруді сұрады. Ол үшін тарихи тұлғалар тізіміне кіруі, ономастикалық комиссия сараптауынан өтуі керектігі түсіндірілді. Тағы бір тұрғын қызметтік пәтермен қамтамасыз етілсе деген өтінішін жеткізді. Енді бірі үйінің жанынан салынған заңсыз құрылысқа, атап айтқанда, көлік жуу орнына наразылық білдірді. Сондай-ақ қабылдауда Түркістан қаласында орналасқан балабақшалардың заңсыз жұмыс жүргізуі және тұрғын үй кезегі, облыстық бюджеттің игерілуі бойынша сұрақ қойылды. Ал «Жаңа қала» тұрғындары салынып жатқан көпқабатты тұрғын үйлердің құрылыс сапасына, үйдегі жылуға қатысты мәселе көтерді.
Облыс әкімі қабылдауға келген азаматтардың мәселелері жан-жақты зерттеліп, шешімі заң талаптарына сәйкес қарастырылатынын жеткізді. Кейбір мәселелер бойынша жауапты тұлғалар заң аясында түсіндірме беріп, шешу жолдарын ұсынды.
Дархан Сатыбалды жеке қабылдауға жазылған әр тұрғынның мәселесін мұқият тыңдап, тиісті басшыларға нақты тапсырмалар берді. Оған қоса, облыс басшысы бұқараның өтініш-тілектерінің ешбірі ескерусіз қалмайтынын жеткізді.
– Барлық аудан, қаланы аралап тұрақты түрде кездесулер өткізіп келе жатырмыз. Кейбір мәселелердің шешілуіне уақыт қажет, бірқатары шешімін табуда. Қабылдаудағы өтініштер де хаттамаға енгізіліп, тиісті жұмыстар жүргізіледі. Инфрақұрылым, коммуналдық түйткілдер бойынша жұмыс жүреді. Ал әлеуметтік жағдайды көтеруге жауапты басшылармен бірге тұрғындар да белсенді атсалысып, кәсіпкерлікке ден қойғандары жөн. Аймақта өндіріс орындарын, кәсіпорындарды ашуға басымдық беріледі, – деді Дархан Сатыбалды.
«Ашық есік күніне» құқық қорғау органдарының және облыстық басқарма басшылары мен өкілдері қатысып, өтініштердің оңтайлы шешілуіне атсалысты. Тұрғындар ашық пікір алмасуға толық жағдай жасалғанын жеткізді. Қабылдауға жазылған өзге де азаматтар осылайша заң аясында нақты жауаптар ала алды. Бірқатар мәселе бойынша жауапты басшыларға тапсырмалар жүктеліп, хаттама толтырылды.