Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасына сәйкес, облыс әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы, Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов және «Түркістан инвест» мекемесінің басқарма төрағасы Берік Кенжебаев Тәжікстан Республикасына іссапармен барды.
Іссапардың мақсаты – Қытай Халық Республикасының «Xinjiang Lihua (Group) Co., Ltd» компаниясының Тәжікстандағы кәсіпорындарын аралап көру, мақта өңдеу зауыты және тамшылатып суғару технологиясымен танысу.
Қытайлық инвесторлар Тәжікстан елінде жалпы құны 400 млн. доллар инвестиция салған. Бүгінде 8 компания жұмысын жүргізіп, 7800 адамды жұмыспен қамтып отыр.
Көрші елде мақта өңдеудің өзіндік технологиясы бар екен. Онда 15 гектар жерге мақта өсіріп, өнімін нарықа шығаруда. Жалпы 1 гектар жерден 6-8 тонна мақта алудың жаңа әдістерін қолдануда.
2024 жылдан бастап қытайлық жеке инвестордың қаржыландыруымен Түркістан облысында мақта өңдейтін зауыт салынады. Бұл туралы өткен аптада Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды мен ҚХР-дың «Xinjiang Lihua (Group) Co., Ltd» компаниясының бас директоры Чжан Цихай кездесуі барысында айтылған болатын.
Нәтижесінде «Xinjiang Lihua (Group) Co., Ltd» компаниясы Түркістан облысында мақта өңдеу зауытын ашуға инвестиция салатын болды. 2024 жылдың қаңтар айында Түркістан облысында қытайлық компанияның бас директоры Чжан Цихай келіп, жұмыс жоспары мен келісімшарт жасалады деп жоспарлануда.