Кез келген жұрттың өзіне ғана тән ұлттық құндылықтары болады. Бұл – атадан балаға ұласып, күні бүгінге дейін өз маңызын жоймаған, күнделікті өмірімізден айқын көрініс тауып келе жатқан негізгі ерекшелігіміз.
Расында да, ең құнды тәрбие – ұлттық тұрғыдан берілген тәрбие емес пе?! Сан ғасырлар бойы сараланған асыл құндылықтарға шынайы ізеттілік пен моральдық тұрғыдағы тәлім қосылса құба-құп болар еді. Халықтың дана өмір салтынан туындап отыратын бұлжымас ережелер мен қағидалар жиынтығы қашанда маңызды рөлге ие. Осы себептен ұлттық тәрбиенің негіздерін бір арнаға түсіріп, жалпы ұрпақ тәрбиесі мәселесінде тиімді пайдалана білу бүгінгі таңда күн тәртібінде тұрған ең басты қажеттілік.
Қай ұлттың болсын баянды болашағы оның ұрпағымен тікелей байланысты екені сөзсіз. Ол екеуін бір-бірінен ажыратып қарау әсте мүмкін емес. Алдыңғы толқын «келместің кемесіне» мініп кеткеннен кейін елдегі барлық жауапкершілік түгелімен сол дәуірдің буынына түсетіні біз айтпасақ та белгілі жайт. Ендеше, ата-баба аманатын алысқа апаратын саналы да салиқалы ұрпақ тәрбиелеу ісі бүгіннен кешікпеуі керек. Сонымен қатар оларды өмірге бейім, заманауи сауатты, жан-жақты қабілетті қоғам мүшесі болуға да талпындыруымыз керек.
Иә, әлімсақтан біздің қазақ жұрты рухани зор байлықтың мұрагері болып саналады. Әлемнің бірде-бір елінде жоқ бай ауыз әдебиеті мен мол фольклоры – ойдан шығарыла салынған дүние емес. Көзінің қарашығындай сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа жалғап бүгінге дейін аман-есен алып келген ата-бабамыздың жанкештілігі әр ұрпақтың жадында жаңғыруы қажет. Сан ғасырлар бойы күмбірлеген күйі, әуелеген әуезді әні, асқақтаған айтысы, таңды таңға ұрған эпостық жырлары, шешімі шебер шешендік сөздері, мақал-мәтелі мен жұмбағы, жаңылтпашы мен өтірік өлеңі, қоржыны ортаймаған қара өлеңі, ең бастысы, қасиетті тілі қаншама қазақ баласын адами қалыпқа салып, бүтіндей ұлтты қалыптастырып шығарды десеңізші…
Қазіргідей заманда ұрпақтың бойына қайырымдылықтың, ізгіліктің дәнін сепсек деп ойлаймыз. Ал оның барлығы ұлттық тәрбиемізден бастау алатынын кейде естен шығарып аламыз. Ендігі бөлек Еуропаның, белдігі бөлек Батыстың мәдениетін жоғары санап, соған басымдық беріп, ұлттық тамырынан ұзап бара жатқан ұрпақ өз арамызда өріп жүр. Соларға салт-дәстүр, таным-түсінігімізді барынша сауатты түсіндіріп, ортамызға қайта оралту міндеті тұр алдымызда. Расымен де, қасиетті Отанды сүю қазақтықтың өзін сүюден бастау алуы керек. Қазақи орта үшін әуелден тән қасиет үлкенді қадірлеу, қонақжайлылық, қоршаған ортаға құрметпен қарау, туысқандық тығыз байланыс орнату, балажандылық, еңбексүйгіштік, жан-жануарларға жанашырлық таныту тағы да басқалары – біздің тұрмыс-салтымызбен тығыз байланысты дүниелер. Отбасындағы орны бөлек дәстүрлеріміз бен салттарымыз да шаңырақтың шайқалмай берік болып, балалардың бақытты өсуіне мүмкіндік береді. Алдымен ата-ана өз баласына ата-баба салтын сіңірудің алғышарттарын жасаса, қалғанын білім ұялары қостап әкетуі керек-ақ. Сонда ғана елін, жерін сүйетін шынайы патриоттар қатары молая түседі.
Қазақ қарияларын байлыққа, қазынаға теңеген. Бүкіл бір әулеттің ұйытқысы деп таныған. Сондықтан да болар, алғашқы немерені ата мен әженің бауырына басқан. Атасы мен әжесінің кенжесі саналып, барын ауыздарына тосқан. Қазақтың өзіне ғана тән бұл дәстүр ертеден қалыптасқан алтын діңгек десек те болғандай. Бұл – баланы тәрбиелеуде өздері әлі жас жігіт пен келіннің тәжірибесінің аздығын білгендіктен. Өйткені, ата мен әже – көпті көрген, өмірдің талай белестерінен өткен, жақсылы-жаманды өмір кешкен тәжірибесі мол адамдар. Ата-әжесі тәрбиелеген баланың тілі ерте шығады. Себебі, үлкен кісілер әрбір сөзді анық айтады, баламен үлкен адамша сөйлеседі. Бала жүре бастағаннан-ақ өздерімен үнемі ертіп жүреді. Бала кішкентайынан үлкендердің әңгімесін тыңдап өседі. Үнемі үлкендердің қасында жүретіндіктен, атасы мен әжесінің замандастарын «пәленше атам», «түгенше әжем» деп солардың барлығын ажыратып, кімнің кім екенін біліп, туысқанын танып өседі. Бала әке-шешесін біліп тұрса да, «атамның баласымын», «әжемнің баласымын» деп жөн сұрағандарға ата-әжесінің аттарын айтып жатады. Бұл да жеті атасын біліп, шыққан тегін тануына зор ықпал жасайды десек артық болмас.
Ата мен әженің тәрбиесіндегі балалардың жүрегі кең, көздері мейірімге толы болады. Бала үлкендер үшін көз қуанышы ғана емес, бар білгенін үйретер ет жақыны. Алдымен әже тәрбиесі арқылы бала жақсы-жаманды ажыратып, үлкен-кішіні тани бастайды. Мінез-құлық, тіл тәрбиесі қалыптасып, бала үй шаруасына бейім, елгезек, тілалғыш, мейірімді болып өседі. Көбіне «олай істеме, былай істе», «бүйтсең жаман, өйтсең жақсы» деген сөздерді естіп, әженің мейірімі мен жүрек жылуына бөленіп өседі. Осылайша, жас бала қазақы ортадағы бар құндылықты бойына сіңіріп, салт-дәстүр мен түрлі тыйымдарды білетін болады. Бізге дейінгі даналар мен батырлар, ақындар мен ғалымдар осы аталған тәрбиемен сусындап өскені белгілі. Сөзіміз жалаң болмас үшін, атап айтар болсақ, әріде Шоқанды тәрбиелеген Айғаным, Абайдың танымын арттырған Зере болса, беріде елбасы Нұрсұлтанның да тұлғалық қасиеттерінің қалыптасуына еңбек еткен әжесі Мырзабала болды.
Ал, әжесімен әңгімелесіп отырған баланы сыртынан бақылап көрдіңіз бе? Әңгімелері қандай жарасымды! Отбасындағы бала тәрбиесінде үлкендердің ықпалы өзгеше болатынын қайсымыз болсақ та жақсы білеміз. Сондықтан да, үлкендердің осы тәрбие мәселесіндегі үлгі-өнегелеріне көбірек ден қойсақ қайтеді? Әже мен атадан тәлім алған немеренің рухани жағынан тәрбиелі, көргенді азамат болып ержетуінің өзі дәстүр сабақтастығы мен ұлттық құндылықтың өзегі іспетті.
Бізге етене таныс тәрбиедегі басты бағыт делінген тәлім-тәрбие тұжырымдамасында: «Әрбір адам ең алдымен өз халқының перзенті, өз Отанының азаматы болу керек екенін, ұлттық болашағы тек өзіне байланысты болатынын есте ұстауға тиіс. Оның осындай тұжырымға тоқталуына ұлттық әдет-ғұрыптар мен дәстүрлер көмектеседі, солар арқылы ол жалпыазаматтық мәдениетке аяқ басып, өз халқының мәдени игілігін басқа халықтарға жақын да түсінікті ете алады. Сондықтан әрбір ұрпақ өз кезі мен өткеннің тағдыры мен талаптарын объективті факторлар ретінде ұсынып, сол арқылы ұрпақты өмірге бейімдеп, оларды жинақталған тәжірибе негізінде тәрбиелей отырып, өзінің ата-аналарының рухани мұрасын игере түсуі керек» деп жазылған екен. Бұған көп нәрсені алып-қосудың өзі артықтау.
Қазіргі қазақ қоғамында отбасы тәрбиесі мәселесі еңөзекті тақырып. Мәселен, ана тілін, ата тарихын, мәдениетін, ұлттық салт-дәстүрлерін білмейтін жастар, тастанды жетім балалар мен «қиын» балалар;отбасын құрмаған немесе ажырасқан жастар; ата-аналардың бала тәрбиесіменайналысуға жағдайы мен уақытының жетіспеуі кең етек алды.
Отбасы – шағын мемлекет, оның қызметі тиімділігі топ ішіндегі коммуникация, яғни отбасы мүшелері арасындағы қарым-қатынас, билік және көшбасшылық мәселелеріне, жанжалдарды шешуге, әлеуметтік орталармен топаралық өзара әрекеттесулерге байланысты. Екіншіден, шағын әлеуметтік топ ретіндегі отбасының ерекше сипаты – жоғары аффективті қарқындылықпен және отбасы мүшелері арасындағы қатынастардың эмоциялық «қанықтылығымен», бір жағынан – махаббатпен, сүйіспеншілікпен, басқа жағынан алғанда – өшпенділікпен, жек көрушілікпен, шеттетілумен байланысты. Отбасында ата-ана арқылы берілетін тәрбиенің басты мақсаты – баланың жасын, жеке ерекшелігін, психикалық процестерін ескере отырып, өз тегін жалғастыратын лайықты ұрпақ тәрбиелеу. Қазақ отбасындағы тәрбиенің міндеті – балалардың жеке даралық қасиеттерін қалыптастыруға бағытталған, саналы да парасатты істерге негізделген үздіксіз тәрбиелеу процесі.
Сонымен қатар қазақ отбасында тәрбие мына бағыттарды көрсетті: тәрбие басы – әдептілікке үйрету; мейірімді бала тәрбиелеу, тіл алғыш, елгезек бала тәрбиелеу; адалдық пен шыншылдыққа тәрбиелеу; білгір болу, ұстаз бен ғалымның, көпті көрген данышпан қарияның сөзін тыңдату; үлкенді, ата-ананы сыйлауға үйрету — басты міндет. Бұл кемшілікті айтпа деген сөз емес, ғаріп кісілердің табиғи кемдігін көрсетпе деген сөз. Ел қорғаны батыр болу, халық алдында қызмет ету, өнеріңді соған жұмса дегенді үйретеді.
Қазақ отбасында ғасырлар бойы қалыптасқан, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан отбасы мүшелерінің қатынасының маңызы зор. Қазақ халқының отбасына тән жарасымдылық олардың жасы кішісінің үлкеніне «сен» деп сөйлемеуі, алдын кесіп өтпеуі, үлкен тұрып кішінің, әке тұрып ұлдың, шеше тұрып қыздың орынсыз сөйлемеуінде деп есептейміз. Үлкенді құрметтеу отбасы мүшелерінің бір-бірінің тәрбиесіне жауапкершілік, борыштылық, адамгершілік сезімдерін туғызған. Отбасы тәрбиесінің артықшылығы да осы қатынастарда, оны тәрбиенің ешқандай да түрі алмастыра алмайды.
Шынтуайтында, жас ұрпақты әдепті де саналы, арлы да абыройлы етіп тәрбиелеу үшін ең алдымен тәрбие ережелеріне тірек арта отырып, ұлттық дәстүрімізді, әдет-ғұрпымызды, дәстүрлі дінімізді, ата-бабаларымыздан қалған мұраларды олардың саналарына сіңіре білуіміз қажет. Ел болашағын туған жерді, Отанын сүйіп, оны қасық қаны қалғанша қорғай білуге үйрету, оқушы бойында патриоттық сезім мен адамгершілік сананы қалыптастыру –әр отбасы мен азаматтарының міндеті. Тәрбиенің қайнар көзі ата-бабамыздан қалған даналық сөздер десек, біз – сол насихаттың қолданушысы әрі қорғаушысымыз. Ендігі жерде елді сүюді ең асыл қасиеттің бірі деп бағаласақ, онда ұлттық тәрбиенің басы бүтін көрініс табуы тиіс-ақ.
Г. СЕЙІТ,
Отырар аудандық мәслихатының депутаты