Белгілі қаламгер, Қазақстанның құрметті журналисі Иса Омардың «Пайым патшалығы» кітабының тұсаукесер кеші өтті. Шымкент қалалық жасөспірімдер кітапханасының ұйымдастыруымен өткен іс-шараға жиналған көпшілік алдымен «Қаржаннан шыққан қаламгер» атты бейнебаянды тамашалады.
Одан кейін автордың «Пайым патшалығы» кітабы таныстырылып, оның бауын Ж.Тәшенев атындағы университеттің аға оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Болат Қалыбеков пен ақын Марғуба Мұхтар шешті. Жастардың уақытын тиімді ұйымдастыру орталығының шәкірттері мен №61 орта мектеп оқушылары, Ө.Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің студенттері Иса Омардың «Анамның ақ батасы», «Ауылға сен бардың ба?», «Тырналар», «Қоңыр плащ, қоңыр күз» өлеңдерін жатқа оқыды. Әсіресе, Ө.Жәнібеков атындағы ОҚМПУ студенті Нұрасыл Сералиев, Ж.Тәшенев атындағы университет студенттері Қарақат Аманәлі мен Аяулым Тұрсынбектің жатқа оқыған жырлары өлеңсүйер қауымның көңілінен шықса, ОАИУ студенті Гүлдана Қалдаштың «Ақ жаңбыр» әңгімесі бойынша жасаған баяндамасы оқырмандарға ой салды. Сондай-ақ, Ө.Жәнібеков атындағы ОҚМПУ студенті Ақжарқын Сапардың орындауында шырқалған әндер кеш көрігін қыздырып, көпшіліктің көңілінен шықты. Өз шығармашылық жолы мен «Парасат пайымы» кітабына енген туындылары бойынша сыр шерткен Иса Омар көпшілік тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді.
Кеш соңында Иса Омар ұйымдастырушылар мен белсенді жастарға алғысын айтып, өз кітаптарын сыйға тартты.
Жадыра ОРАЗӘЛИЕВА,
кітапханашы.