Кітапханамыздың жарық жұлдызы, өнерлі, білімпаз, кітапты жанынан артық жақсы көретін, жақында облыстық «Ақылды балаға — сыйлыққа Ақылдым» байқауына қатысып, өз өнерін көрсетіп келген Нұрай оқырманымыздың жетістіктерін көпшілік балақайларға үлгі етуді жөн көрдік.
Хабит Нұрай Еркебайқызы – №68 Сырым Датұлы атындағы жалпы орта мектептің 4 «А» сынып оқушысы, Сайрам ауданындағы орталық балалар кітапханасының тұрақты оқырманы. Нұрай – мектепте оқу озаты, ұстаздарының сүйікті оқушысы. Өнерге жаны құмар Нұрай республикалық, облыстық, аудандық байқаулардың жеңімпазы. Атап айтсақ, Астана қаласында өткен «DANCE BATTLE» XI Республикалық бишілер байқауының III орын иегері, Шымкент қаласында өткен Республикалық «Жеті өнер» байқауының II орын иегері, Алматы қаласында өткен «Қазақстан үміті» республикалық шығармашылық конкурсына қатысып, би өнерінен I дәрежелі лауреат, республикалық «Шабыт қанатында» атты би жарысында II орын иегері, А.Құнанбаевтың туған күніне орай «Абай әлемі – даналық мұхиты» атты аудандық байқаудың 2 орын иегері. Сайрам ауданы әкімі аппаратының ұйымдастыруымен өткізілген «Ұлы Дала қиссалары» атты аудандық мәнерлеп оқу сайысының I орын иегері атанды. Арманы асқақ Нұрайдың бізді ең сүйсіндіргені мүлде телефон ұстамайтындығы, телефон көрмейтіндігі және смарт телефонға қызықпайтындығы. Қазіргі таңда Нұрай қыз ауданымыздағы №1 Сайрам Саз мектебінде қобыз және домбыра аспабында оқиды. Сонымен бірге, өзге де түрлі үйірмелерге қатысады. Нұрайдың әлі талай байқау, өмір баспалдақтарынан өтіп, биік белестерді бағындырары сөзсіз.
2023 жылғы қыркүйектің 4-інде Сайрам аудандық Қ.Жандарбеков атындағы мәдениет үйінде өткен Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасы және республикалық «Ақылдым» журналы бірлесе ұйымдастырған «Ақылды балаға-сыйлыққа Ақылдым» атты аудандық байқауда үміткерлердің арасынан жүзден жүйрік болып, топты жарып шыққан Нұрай Хабит бас жүлдені иеленіп, облыстық байқауға жолдама ұтып алған болатын. Биылғы қарашаның 20-сында балалардың шығармашылық қабілетін арттыру, қиял көкжиегінің кеңеюіне ертегілер арқылы ықпал ету, баспасөзбен жақындастыру мақсатында ұйымдастырылған бұл қорытынды байқауда Нұрай Хабит Қазақстан Республикасы оқу-ағарту министрлігінің Алғыс хатымен марапатталып қайтты. Байқауда кітапсүйер Нұрай шығармашылық қабілетін жоғары деңгейде көрсете білді. Өзінің ұшқыр қиялынан туған «Кім күшті?» ертегісі көрермендерді таңғажайып әлемге жетектеді.Нұрайдың жетекшісі балалар кітапханасының кітапханашысы Балнұр Сапиева «Фараб» әмбебеп ғылыми кітапханасының директоры Жанат Сәдібекқызының Алғыс хатымен марапатталды. Нұрай дайындаған «Шежірелі Сайрамға – 95 жыл» атты қабырға газеті де көпшіліктің көңілінен шықты.
«Болам деген баланың бетін қақпа, белін бу» дегендей Нұрайды қолдап жүрген ата-анасы мен бауырларына алғысымызды білдіреміз. Өнерімен өрге жүзіп, алдағы уақытта да биік асуларды білімімен бағындыра берсін демекпіз.
Ж.Нарботаева,
аудандық балалар
кітапханасының меңгерушісі.