Бәйдібек ауданының әкімі Ерлан Нұрмаханов «Қапшағай» су қоймасына барып, жөндеу жұмыстарының барысымен танысты. Жауаптылармен, мердігермен кездескен әкім су қойма құрылысының баяу жүріп жатқандығын сынға алды.
— Аудан үшін ғана емес, облыс үшін маңызды стратегиялық нысандағы құрылыстың сапалы жүргізілуі қатаң бақылауда. Істелінетін жұмыстың ауқымы көп. Сағат тоғыздан асты. Әлі жұмысшыларыңыз жұмысты бастамаған. Уақыт Сіздермен емес, Сіздер уақытқа тәуелді болып жұмыс жасауларыңыз керек. Ауа райында алдағы күндері жаңбыр. Су қоймадағы қазылған жерлер әлі көмілмеген. Жұмысшы санын көбейтіп, сапалы жұмыс жасау керек, — деп қатаң ескертті аудан әкімі.
Сонымен қатар аудан әкімі Ағыбет ауылындағы құрылысы жүргізіліп жатқан спорт кешенінде болды. Аталған нысанды аралап көріп, мердігер мекемеге құрылыстың сапасы сын көтермейтінін ескертті. Жауапты бөлімге бақылауға алып, мердігерге кемшіліктерді ретке келтіруді тапсырды.
Сапар барысында әкім Ағыбет ауылдық округіндегі Үлкен Шаян өзеніне барды. Аталған өзеннің күз және көктем мезгілдеріндегі су тасқынының алдын алу жұмыстарын талқылады. Үлкен Шаян өзені арнасының бөгетін реттеу жұмыстарын жүргізуге арнайы мамандар шақыртып, зерттеу жүргізіп, жобалық сметалық құжаттамасын қайта әзірлеу жөнінде жауаптылар қызметкерлерге тапсырма берді.