“Облыстық «Балықшы» фтизиопульмонологиялық оңалту орталығы» менің денсаулығымның жақсаруы үшін үлкен үлес қосқан оңалту орталығы деп білемін. Сонау Келес ауданынан Түлкібас жеріне арнайы 6 ай сайын келіп, ем алып тұрамын. Әжептеуір оңалып, іске жарап, кіріп-шығуымда жеңілдеп қалады. Ондағы медицина қызметкерлердің мәдениеттілігі мен біліктілігі мені қашанда риза етеді. Қай уақытта барсақ та, құрақ ұшып күтіп алып, ем домын уақытылы жасап, жаныңның жарасынан тәніңнің жарасына дейін жазып жіберердей қызмет етеді. Осы емес пе бізге керегі? «Жылы сөз жанға да, тәнге де ем» деген осыдан қалса керек.
Арасында әзілдесіп, қалжыңдасып, өз балаларымыздай араласып та кеттік. Тазалық, тәртіп бірінші орында тұратын мұндай керемет оңалту орталығының басшысы Ахылбеков Асхат Тұрарұлына да демалушылар атынан шексіз алғысымызды айтқымыз келеді. Облыстың түкпір түкпірінен демалушылар асыға келетін бұл оңалту орталығының барлық ұжымына ризашылығымызды жеткіземіз”,- деп әлеуметтік желімізге Келес ауданының тұрғыны Досанов Бақытбек хат қалдырыпты. Тек қана аудан жұртшылығын ғана емес басқа ауданның да азаматтарына ем-дом жүргізіп, алғысына бөленіп жатқан оңалту орталығының мекемесіне арнайы барып, елдің айтқанын жеткізіп, көзбен көріп, емделушілермен тілдесіп қайтуды жөн санадық. Орталық басшысы Асхат Тұрарұлының жеке қабылдауында болып, бас дәрігердің орынбасары Динара Науанқызы мен бас мейірбике Бағила Норалиқызымен бірге орталықтың ғимараттарын араладық.
Облыстық «Балықшы» фтизиопульмонологиялық оңалту орталығы МӘМС аясында медициналық реабилитациялық көмек көрсетеді. 250 төсек орынмен қамтамасыз етілген орталық оңалту емінің ІІ, ІІІ этапын қабылдайды. Неврология, травматология, кардиология бөлімшелері жұмыс жасайды. Неврология бөлімі инсульттан кейінгі цереброваскулярлы аурудан кейінгі және нейрохирургиялық операциядан кейінгі науқастарды қабылдайды.
Жалпы 100 төсек орынмен жабдықталған. Ал, травматология бөлімі жарақаттан кейінгі, ота жасалған науқастар мен ортопедиялық операциядан кейінгі азаматтарды қабылдайды. Бұл бөлім де 100 төсек орынмен қамтамасыз етілген. Ал кардиология бөлімі инфаркт миокардтан, кардиохирургиялық операциядан кейінгі науқастарды оңалту бойынша жұмыс жасайды. Ол бөлімге 50 төсек орын бөлінген.
Сонымен қатар, оңалту орталығында емдік жаттығулар жиынтығы(жеке, топтық жаттығулар, механатерапия тренажерлары, велотренажерлар), физиоемдеу түрлері(электрофарез, УВЧ терапия, магнитотерапия, парафинотерапия, УФО терапия, Дарсонваль, УЗТ терапиясы), массаж(жалпы, нүктелі, классикалық, сигментарлы, релакс жассаж түрлері), пассивті механотерапия, белсенді механотерапия, эрготерапия, логопед, психолог сынды оңалту емдік жұмыстары ұсынылады.
Мұнда 11 дәрігер, 98 медбике демалушыларға уақтылы ем жасап, жақсарулары үшін қызмет көрсетеді.
Бөлімдерді аралау барысында мұнтаздай тазалықты, тәртіпті және қатаң режимді байқадық. Келушілердің ризашылық білдіріп, арнайы әлеуметтік желімізге хат қалдыруының үлкен себебі барын түсіндік. Қажет ем-домын алып, күншуаққа жылынып отырған апа мен атаны біздің басылымнан келгенімізді есітіп, кідіруімізді сұрады.
-Біз Шымкент қаласынан келдік. Қаламызда да оңалту орталықтарының атасы бар. Бірақ, осы Балықшыны, Түлкібасты таңдадық. Өйткені, мұндағы қызметкерлердің қызмет көрсету сапасы жаныңның жарасын ұмыттырады.
Қартайсаң баладай болып қаласың дегенді бұрын әсті қаперге алмайтынбыз. Рас екен ау деп қалдық осы күнде. Бір сөз жаныңды жазса, бір сөз тәніңді ауыртады. Дәрігерлері де, медбикелері де, қарапайым қызметкерлері де керемет жандар.
Түлкібасты тектілер жері деп айтатын. Бұл сөздің де жаны бар екен. Өте мейірімді жандар. Біліктілігі де бір төбе, — деп Абилов Саржуман атамыз алғысын жеткізді.
Ал, науқастардың бөлмелерін аралап, тілдесіп жүргенде:
Ризамын мына жалғанда,
Осындай ақ халатты абзал жандар болғанға,
Мінекей бізді емдеп жатыр,
Сөздері тәтті тіпті балдан да, — деп Келес ауданынан келген демалушы Асабаев Мырза суырып салма өнерін көрсетіп, бір шумақ өлеңін арнады. Бұл шынайы ілтипат пен құрметтің белгісі болса керек.
Жеріміздің қасиетін, табиғатымыздың әсемдігін азаматтарға танытып, біліктілігі мен білімділіктерін, тәжірибелі маман екендіктерін дәлелдеп, адамгершіліктің һәм ақ халаттылардың ақ сертінен танбаған оңалту орталығындағы барша маманға шынайы алғысымызды білдіреміз. Біз кідірген жарты сағат ішінде 8 азаматты қабылдап, жайғастырып үлгерген ұжымның еңбегі еленуге лайық деп түсіндік. «Тек Түлкібас, Балықшы» деп таңдап келетін емделушілер оңалып, ауруына шипа тауып, жазылып шыға берсін деп ізгі тілегімізді жеткіземіз.
А.МӘМЕТ