Келес ауданына қарасты Жолбасшы ауылының тұрғыны Гүлбала Сәрсенова ауыл тұрғындары үшін кітапхана ашқан. Бұл бастаманы жұбайы қолдап, құрылыс жұмысын жүргізіп берген. Бес ұл-қыз өсіріп отырған отбасы мүшелері бұл бастаманы елдің рухани байлығы үшін қолға алғанын айтады.
— Отбасымыздағы 5 ұл-қыз жетіліп қалған. Алды студент. Бірді бірге әрең жалғап отырсақ да жолдасым Нұржанмен ақылдаса келіп, тәуекелге бел байладық. Ойланбастан көзімді жұмдым да несие алдым. Жолдасым құрылысшы. Құрылысқа беретін қаржыны үнемдедік. Тек қана құрылыс материалдарын сатып алдық. Бұл ісімізді көріп, «мұнан гөрі өздеріңе времянка салып алмайсыңдар ма» дегендер де табылды. Оған мойымадық. Өйткені халық рухани бай болуы керек, — дейді Гүлбала Сәрсенова.
Кітапсүйер отбасы әдеби мұра үшін тек ғимарат қана соғып қойған жоқ, қиын-қыстау кезеңде қолда бар кітап қорын да шашау шығармай сақтап қала алды. Бүгінде жалғыз «Жолбасшы» ғана емес төңірегіндегі бірнеше елді мекеннің жұрты сол жерде кітап оқып, жан дүниесін байытып келеді. Ауыл кітапханасының бүгінде 700-дей тұрақты оқырманы бар. Жылына мұнда кітап іздеп 9 мыңдай адам келеді.
Жуырда Түркістан қаласында өткен «Аялы әже» форумында Гүлбала Сәрсенова облысқа сіңірген еңбегі үшін медалімен және «Руханият жанашыры» аталымы бойынша марапатталды.