Соңғы кездері теріс діни ағым жетегінде кеткен азаматтар тарапынан қазақ халқының ұлттық музыкалық аспабы домбыраға қарсы шабуыл басталып халық тарапынан үлкен сынға ұшырады. Бір қызығы домбыраны арамға шығаратындар қазіргі кезде ғана емес осыдан бірнеше ғасырлар бұрында болған. Кезінде домбыраны жоққа шығарған Есқали сұпыға Қашаған жыраудың берген жауабы әлі күнге дейін өзектілігін жоғалтпады. Берісі қазақ халқының әрісі күллі түрік халықтарының рухани мұрасы қасиетті қара домбыра қашан пайда болды әуелі сұрақтарға жауап іздеп көрелік.
Қазақ домбырасының шығу тарихы және оның жасалуы ерте заманнан басталады. 1989 жылы Алматы облысы Қызылкегең ауданы Майтөбе тауының басынан профессор С.Акитаевтың зерттеуімен табылған тастағы әртүрлі қимылдағы билеп тұрған төрт адам сұлбалары мен саз аспабын ұстаған адамның суретіндегі аспапты домбыраға ұқсатқан. Археологтардың пайымдауынша суреттер неолит дәуіріндегі суреттерге ұқсас. Бұл екі ішекті саз аспабы қазақтың домбырасына және қырғыз халқының қомызына ұқсайды деседі. Қазіргі таңда суреттер қашалып салынған тас Алматы қаласындағы ұлттық аспаптар мұражайында сақтаулы тұр. Зерттеушілер тарапынан тасқа қашалған сурет осыдан 2 мың жыл алдын салынған десе енді бір зерттеушілер 4 мың жыл алдын салынған дейді. Қалай десекте домбыра осыдан бірнеше мыңдаған жылдар алдын пайда болған. Қазіргі таңда түркімен, қырғыз, өзбек, қазақ және басқа да түркі тектес халықтардың ортақ музыкалық аспабы. Олардың жеке ел болмай тұрып, жалпы түркі елі болып тұрғаннан бастап пайда болған. Домбыраға ұқсас саз аспаптары ғылымда тамбурлық шертпелі хордофондар болып бөлінеді. Олар Еуразияның барлық аймақтарына кең тараған түрлері: тәжікте – думрак, өзбекте – думбыра, думбрак, қырғызда – комуз, түрікменде – дутар, баш, думбыра, башқұртта – думбыра, ноғай халқында – домбыра деп аталады.
Қазақ домбырасы қазіргі таңда Қазақстанның барлық аймақтарында кең тараған. Осыған байланысты А.Жұбанов: «Керегесінде домбыра ілінбеген киіз үй көп кездеспейді»,- жазады. Домбыра туралы өнертанушылар: «… ешқандай саз аспабы жеке болсын, топпен болсын домбырамен бәсекелес бола алмайды. Олардың ішінде домбыра сияқты айналасындағылардың бар ықыласын тек өзіне аударып, тағзым еткізетіні жоқ. Осының себебі, бәрінен бұрын, өте кең айналымдағы және халықтың жан дүниесін тебіренте алатын бір бөлігі іспеттес күйлер тек домбырада ған орындалады»,-деп қорытынды жасайды.
А.Мұхамбетова «XX ғасырдағы қазақтың дәстүрлі музыкасы» атты еңбегінде домбырамен ойналатын музыкалық орындаушылық аспаптың құрылымына қарай «төкпе» және «шертпе» болып бөлінетінін жазады. Төкпе – Қазақстанның батыс аймақтарына тараған түрі. Ал шертпе – еліміздің шығыс және оңтүстік аймақтарына тараған. Бұлардың өзара айырмашылығы олардың ойнау деңгейінде емес, генетикалық немесе сол аймақтық жеріне, тұрғындардың салт-дәстүрінің дамуына, сол халықтың мінезіне де байланысты сипат беруі мүмкін. Кезінде қазақтар домбыраның ішегін қойдың не ешкінің ішегінен жасаған. А.Жұбанов өзінің «Ғасырлар пернесі» атты кітабында 1939 жылы Дина Нұрпейісова Мәскеу қаласына бірінші бүкілодақтық ұлттық музыкалық аспаптар байқауына қатысады. Сонда Мәскеуде кепкен кетгуттың қаншасын сатып аламын десең де еркің дегеніне қарамастан, Дина апамыз ешкі әкеліп союды талап етіп, ешкінің ішегінен өзі домбыраға ішек жасаған екен.
Домбыра тек көңіл-күйді көтерер тек музыкалық аспап қана емес халықтың жады. Өшпес мұрасы. Ар-ожданы, иманы. Халықтың өткен тарихын еске түсіруші абыз-ақсақалы. Тарихымызда ел қорғаған баһадүрлердің тарихын таңнан-таңға жеткізген жыршының айнымас жолдасы. Қыз Жібек пен Төлегеннің махаббатын толғаған ғашықтық дастанын халық арасына жеткізген қасиетті қара ағаш. Сол уақыттарда халық арасына имандылықты жырмен жеткізген діни-аңыз, қисса дастандардың иесі. Атадан балаға қалған мұра. Демек қазақ халқының мыңдаған жылдық тарихын көзбен көріп келген бұл қара ағаш жай ғана музыкалық аспап болмаған. Жалаң діншілдікке ұрынып өз тарихымызды жоққа шығарып алмайық.
Қ.Қосмаханов
Түркістан облысы дін істері басқармасының
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ
маманы