Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында еліміздің жаңа саяси-экономикалық, әлеуметтік және құқықтық саладағы дамуына бағытталған келелі ұсыныстар айтылды. Осы Жолдауында Президент сот жүйесін әрі қарай жетілдіруге байланысты бірнеше бағытты айқындап берді. Енді уақыт талабына сай реформалар жүргізілмек. Сот саласындағы реформалар, жаңашылдықтар, бәрі де халық үшін, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға бағытталған.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жүргізіліп жатқан сот реформалары тек сот жүйесі мен сот төрелігін жүзеге асыруға ғана емес, сонымен қатар сот әкімшілігіне де қатысты. Сот әкімшілігі уәкілетті орган ретінде мемлекеттік саясатты қалыптастыруды дербес жүзеге асырады.
Мемлекет басшысының 2022 жылғы 30 желтоқсандағы Жарғысына байланысты жаңа мемлекеттік орган – Сот әкімшілігі құрылды. Сот әкімшілігінің мәртебесі оған орталық органдармен тең дәрежеде өзара іс-қимыл орнатуға, соттар қызметін ақпараттық-талдау, ұйымдастырушылық-құқықтық және материалдық-техникалық сүйемелдеуге мүмкіндік береді. Мұндай өзгеріс соттардың тәуелсіздігін одан әрі күшейтуге және сот жүйесіне деген сенімді нығайтуға ықпал етері сөзсіз.
Сот әкімшілігінің басты міндеті – сот әкімшілігі саласындағы мемлекеттік саясатты әзірлеу және жетілдіру, сот төрелігін толық және тәуелсіз іске асыру үшін қажетті жағдайлар жасаумен қатар, сот жүйесі мен соттардың қызметін жетілдіруге бағытталған жүйелі реформалар әзірлеу. Бұл сот төрағаларын әкімшілік функциялардан босатуға мүмкіндік бергелі отыр. Яғни бұдан былай судьялар корпусы тек сот төрелігін жүзеге асыру мәселелерімен ғана айналысады.
Осыған байланысты Қазақстан Республикасы Президентінің 2023 жылғы 19 қаңтардағы №106 Жарлығына сәйкес «Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты аппаратының) Шымкент қаласы бойынша Соттар әкімшісі» республикалық мемлекеттік мекемесінің атауы «Қазақстан Республикасы Сот әкімшілігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесі болып өзгертіліп, департамент басшысы қайта тағайындалды. Сонымен қатар, аудандық және оған теңестірілген соттардағы кеңсе меңгерушілерінің лауазымы – Қазақстан Республикасы Сот әкімшілігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті соты әкімшісінің басшысы лауазымына ауыстырылды.
Бүгінгі таңда Мемлекет басшысының 2023 жылдың 15 мамырындағы №216 Жарлығына сәйкес, Шымкент қаласындағы Абай, Әл-Фараби, Еңбекші және Қаратау аудандық соттары біріктіру және бөлу жолымен Шымкент қалалық азаматтық істер жөніндегі ауданаралық соты және Шымкент қалалық қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты болып қайта ұйымдастырылды. Бұл өзгеріс соттылық мәселесі бойынша әуре-сарсаңды жоюға, жүктемені біркелкі бөлуге және бірыңғай сот практикасын қалыптастыруға ықпал етеді. Қаралып жатқан істерге қатысты сот сараптамасы қажет болған жағдайда уақыт созбай, істі жедел түрде сот сараптамасын жүргізу институтына жолдауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, айдауыл қызметінің тек бір ғана сотқа келуіне байланысты сотталушыларды алдыру бойынша ешқандай проблема туындамайды.
Осы ретте жаңадан құрылған Шымкент қалалық қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының алты айдағы статистикалық көрсеткіштеріне аз-кем тоқтала кетейік. 2023 жылдың 6 айында 916 тұлғаға қатысты 829 қылмыстық іс түссе, 145 тұлғаға қатысты 145 қылмыстық іс 2022 жылдан келе жатқан іс ретінде өткен. Жалпы, сот өндірісінде 1061 тұлғаға қатысты 974 қылмыстық іс болды. Осы аралықта 916 тұлғаға қатысты 817 қылмыстық іс аяқталып, 523 тұлғаға қатысты айыптау үкімі шықты. 158 қылмыстық іс қысқартылып, 19 жеке қаулы шығарылды.
Біздің көздегеніміз – азаматтардың сот жүйесіне деген сенімін арттыру. Мемлекетке деген сенім де осы мәселеге тікелей байланысты. Осы орайда, соттарға жүктелген жауапкершілік жүгі екі есеге артқалы тұр. Оның түп негізінде соттың тәуелсіздігін нығайту арқылы оның әділ әрі ашық болуын қамтамасыз ету міндеті тұр. Осындай жағдайда ғана әртүрлі мәселемен сотқа жүгінетін азаматтардың сот билігіне деген сенімі нығаяды. Президенттің ұсыныстарын іске асыра отырып, сот жүйесін уақыт сұранысына сай әлі де жетілдіру қажет екенін түсінеміз. Бұл бағытта бізді алда ауқымды жұмыстар күтіп тұрғаны сөзсіз.
С.ТОҚБЕРГЕНОВ,
Шымкент қалалық қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық
сотының төрағасы міндетін атқарушы.